ТҮРКІСТАН: ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ТҮРЛЕРІ АЙТЫЛДЫ
ТҮРКІСТАН: ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ТҮРЛЕРІ АЙТЫЛДЫ
Онлайн-бизнес дамыған сайын, интернет-алаяқтық оқиғаларының саны мен түрлері де артуда. Жыл басынан бері 235 интернет-алаяқтық қылмыстары тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Өңірде онлайн сауда, онлайн несие рәсімдеу дерегі жиілеген. Жүргізілген саралау барысында алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі, халық көп шоғырланған аймақтарда орын алғандығы анықталды. Осы және өзге де маңызды мәселелер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссиясының отырысында талқыланды. Облыстық полиция департаментінің басшылығы алаяқтардың арбауына түспеу үшін ең алдымен, жеке мәліметтерге сақ болуға шақырды. Әлеуметтік желілерде көрсетілген жеке ақпараттардың өзі қылмыстық топтардың құрбаны болуға жеткілікті екені айтылды.
«Интернеттегі алаяқтар тер төкпей, үлкен табысқа кенелуге уәде береді. Күмәнді ресурстарға жеке мәлімет сұрап, хат жолдауын өтінеді. Мұндай «бақыт хаттары» бейтаныс адамдардан пошта арқылы келетін алдамшы ұсыныстар. Қазіргі уақытта интернет желісінде алаяқтықтың сан түрлері күнделікті пайда болуда. Атап айтқанда, онлайн-сатып алу саласында, төлем картасымен, онлайн кредит беру саласында, телефон қоңыраулары мен SMS-хабарламаларды пайдалана отырып ақша қаражатын ұрлау жиілеген», – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.
Алаяқтықтың тағы бір түрі – ол қаржылық пирамида. Полиция мәліметінше, қаржылық пирамиданың кеңінен таралуы және оның қызметіне халықтың жаппай қызығушылық танытуы келесі факторларға байланысты: жұмыссыздық және табыс деңгейінің төмендігі; салымшылардың қаржылық және заңгерлік сауатсыздығы; уәкілетті органдардың тарапынан қажетті және жеткілікті деңгейде алдын алу шараларының жоқтығы;
Өткен жылдан бері облыс бойынша қаржылық пирамидасына қатысты 5 қылмыстық іс тіркелген. Бір ғана «Индиго-24» қаржы пирамидасына 2500-ден астам тұрғын алданған. Жарты жылдан астам уақыт тергелген қылмыстық іс бойынша 26 адам күдікті деп танылып, 1 адамға халықаралық іздеу жарияланды. Оларға келген материалдық шығын 2,5 млрд. теңгеге жуық. Жақын күндері іс сотта қаралады.
Жиында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды күшейту бағыттары ортаға салынды. Облыс әкімі терең талдауды қажет ететін мәселе бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді. Сондай-ақ, ол жиын барысында айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерді хаттамаға енгізіп, оң нәтижелі жұмыстарды атқаруды тапсырды
.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі