Қазақстанда қандай инфекциялық аурулар тараған кезде карантин жариялануы мүмкін
Қазақстанда қандай инфекциялық аурулар тараған кезде карантин жариялануы мүмкін
Шектеу шараларын, оның ішінде карантин жариялауға әкеп соғатын инфекциялық аурулардың тізімі жарияланды
Қазақстан шектеу шараларын енгізу қағидалары мен карантин жарияланатын инфекциялық аурулардың тізімін бекітуді жоспарлап отыр.
Тиісті бұйрықтың жобасы НҚА порталында жарияланды, деп хабарлады Sputnik.кз
Шектеу шараларын жүзеге асыру қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес әзірленді.
Құжатта инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған және карантин кезінде кәсіпкерлік және өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шаралар қамтылған.
Сонымен қатар, шектеу шараларын, оның ішінде карантин жариялауға әкеп соғатын инфекциялық аурулардың тізімі бекітіліп отыр.
Олар:
- оба
- тырысқақ
- сары қызба
- вирустық геморрагиялық қызбалар
- ауыр жіті респираторлық синдром (АЖРС)
- вирустың жаңа кіші типі тудырған адам тұмауы
- вирустың жаңа кіші типі тудырған коронавирустық инфекция
«Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан аумағына әкеліну немесе таралу қаупі төнген жағдайда, Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе елдің бүкіл аумағында кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізеді», — делінген бұйрық жобасында.
Тізімге енбеген инфекциялық аурулардың таралу қаупі төнсе, жекелеген аумақтарда карантин Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде құрылымдық бөлімшелердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен жарияланады.
Инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған шектеу шаралары кезінде ел аумағына кіріп-шығу, өңірлер арасындағы қозғалыс шектеліп, митингтер, бұқаралық, мәдени, спорттық шаралар, той-томалақ өткізуге тыйым салынады. Кәсіпкерлік және басқа да қызмет нысандарының жұмысы шектеледі.
Бұйрықтың жобасы осы жылдың 28 тамызынан бері талқыланып жатыр. Талқылау 14 қыркүйекке дейін созылады.
https://sputniknews.kz/society/20200907/14898467/infektsiya-aurular-karantin.html