ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА БИЗНЕС-НЫСАНДАР КІТАПХАНАҒА АЙНАЛУДА
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА БИЗНЕС-НЫСАНДАР КІТАПХАНАҒА АЙНАЛУДА
Сайрам ауданында бір жылдың ішінде тойхана, кеңсе, мейрамханалардың орнына 3 кітапхана ашылды. Барлығы кітапхана үлгісімен қайта жабдықталды. Ауданның кәсіпкерлері білім саласына қайырымдылық жасап, пандемия басталғалы тоқтаған тойханадардың жұмысын басқа салаға бұруда.
Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібекұлының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Аауыл – ел тірегі» жобасы аясында демеушілер есебінен үш жаңа кітапхана ашылды. Мәселен, Қарасу ауылында жеке кәсіпкер Байсейіт Жамалбеков жеке кеңсесін сыйға тартқан. Сөйтіп, онда кітапхана ашылды. Ал, Қарабұлақ ауылында жеке кәсіпкер Р.Халжалилов салтанат сарайының бірінші қабатын кітапханаға айналдырды. Қазір мұнда интернет желісі тартылып, кітап қоры жинақталуда. Сәні мен салтанаты келіскен сарай енді тойшыл қауымға емес, білімпаз жастарға қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, Қарамұрт ауылдық округіндегі ашылған кітапхана жеке кәсіпкер Бахадыр Азимбайұлының сыйы. Бұрын мейрамхана болған ғимаратта бүгінде оқырманға жағдай жасалған. Мәдени ошақтың тұсаукесер рәсіміне аудан басшылы мен «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалының басшылары бастаған ел ағалары қатысты. Бүгінде аудандағы 21 кітапханада 4200 кітап қоры бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі