Жамбыл облысында ауыл әкімі көшеге өз әкесінің атын бергізді
Жамбыл облысында ауыл әкімі көшеге өз әкесінің атын бергізді
Аталған факт бойынша Жамбыл облысы әкімінің аппараты қызметтік тексеріс тағайындады.
Жамбыл облысында ауыл әкімі көшеге өз әкесінің атын бергізген. Шенеунік бұл қадамға бару үшін алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің атын көшеден алдырып тастаған көрінеді. Бұл туралы ҚР Парламентінің экс-депутаты Мұхтар Тінікеев өзінің Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлады zakon.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Жамбыл облысы Мыңарал ауылында С. Сейфуллиннің атындағы көшені өзінің әкесі немесе туысы С. Қашқынбековтың атына ауыстырған. Мүмкін ол ауылға еңбегі сіңген адам шығар, бірақ әкімдердің өз туыстарына көше атауын бергізуі қашан тоқтайды? Ия, мен де С. Сейфуллиннің руы тоқа руынанмын. Бірақ мен қазақты руға, жүзге немесе нағыз қазақ деп бөлмеймін. Бірақ мен тарихи тұлғаның есімі берілген көше атауының өзгеруіне қарсымын», — деп жазды М. Тінікеев.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған жайды анықтап көруге тырысты. Мыңарал ауылының әкімі расымен де көшеге өз әкесінің атын бергізген болып шықты. Бірақ ол осыдан 17 жыл бұрын болған. Сол жылдары Мыңаралда әкім болған Талғат Қашқынбековтың әкесі ҰОС және еңбек ардагері болып шықты. Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұловтың сөзінше, тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Аталған жағдайдан кейін архив құжаттарын көтерткіздік. Бұл жағдай бұрын ауыл тұрғындарының өтінішімен ауысқан. Сейфуллиннің атын ешкім алып тастаған жоқ. Талғат қазір әкім емес, оның Нұр-Сұлтан қаласынан туыстары келген. Қонақтарға бәрін түсіндірдім. Ардагерге берілген көше шет жақта, ол көшеде бұрын атау болмаған», — деді аудан әкімінің орынбасары Амангелді Нәметқұлов.