ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАҒЫТЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Е.Ергеш және басшының МӘС мәселелері жөніндегі орынбасарының м.а. С.Шонанов баспасөз брифингін өткізді.
Брифинг барысында департамент тарапынан 2020 жылғы атқарылған жұмыс қорытындысы және 2021 жылдың І тоқсанында жүзеге асырылған жұмыстардың есебі баяндалды.
Атап айтқанда, көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленіп жатқан арнайы мемлекеттік жәрдемақы түрі, көпбалалы отбасыларды қолдау және оларға берілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету, зейнетақы төлемі мен өзге де әлеуметтiк жәрдемақылардың арттырылу тәртібі, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет түрлері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, аталған қызметтерді электронды форматта алу қалай жүзеге асатыны жөнінде кеңестер берілді.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында қағаз түрінде көрсетілетін қызметтерге өтініштерді онлайн режимінде беру мүмкіндігі де түсіндірілді. Департамент өкілдері мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесін белгілеу және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау қызметі «Электрондық үкімет» порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүзеге асатынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі