ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ МЕКЕМЕЛЕРІНЕ 30 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ҚАРЖЫ ТАБУ ЖҮКТЕЛДІ
ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ МЕКЕМЕЛЕРІНЕ 30 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ҚАРЖЫ ТАБУ ЖҮКТЕЛДІ
Шымкент қаласында 2021 жылы 10 кітапхана модернизациядан өткізіліп, қала халқы уақытын тиімді өткізетін мәдени орынға айналмақ. Модернизациядан өткеннен кейін келушілер саны 4 есеге өседі деп жоспарланып отыр. Барлық кітапханалар «отбасылық кітапхана» концепциясымен дамиды. Қазіргі таңда, кітапханалар кешкі сағат 18-00-ге дейін жұмыс істесе, 1 наурыздан бастап Абай кітапханасы пилоттық режимде оқырмандарға 23:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жылдық есебінде қаладағы кітапханалар мен мәдениет мекемелеріне қатысты тың жаңалықтармен бөлісті.
–Қаланың мәдени-рухани өмірінде оң өзгерістер бар. Бұл салаға жаңа мамандар келіп, жоғары талаптар қойылып отыр. Халықтың мәдени өмірін байытуға қажет өнер ұжымдары толықтай мемлекеттен субсидияланады. Мәдениет мекемелерінің жылдық бюджетінің 98 пайызын мемлекет берсе, тек 2 пайызын мекемелер тауып отыр. Биыл мәдениет мекемелеріне 30 пайызға дейін қаржы табу жүктелді. Халықты қызықтыратын жақсы қойылымдар қойып, мәдени бағдарламалар әзірлесе, халық бармайды емес, барады. Мәдениет саласы нарыққа жұмыс істейтін кез келді,-деді қала әкімі.
Сонымен қатар, шаһар басшысы өткен жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болса, биыл Шымкент қаласының 2200 жылдығы төңірегінде ЮНЕСКО көлемінде бірқатар мәдени-рухани іс-шаралар жоспарланғанын мәлімдеді.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі