ҚАЛА ӘКІМІ «ШЫМКЕНТ BUS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚАЛА ӘКІМІ «ШЫМКЕНТ BUS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Шымкент қаласының әкімі 3 ақпан күні наразылық білдірген «Shymkent Bus» қоғамдық көлік компаниясының жүргізушілерімен кездесті. Кездесуге 60-қа тарта жүргізуші және сала басшылары келді. Белгілі болғандай жүргізушілер жұмыс жасаған сағатына қарай 150 мыңнан 300 мыңға дейін алып келген. Осыған дейін сағатына 820 теңге төленіп келсе, 1 ақпаннан бастап 1110₸ төленетін болып шешім шыққан. Сонымен бірге 12 сағаттан артық жұмыс жасаған және мейрам күндері жұмыс жасаушыларға 1,5 есе еңбекақы төленеді екен.
Қала әкімі наразылық тудырған жүргізушілердің талап-тілектерін тыңдады. Олар күнделікті қойылатын жоспарды алып тастауды, айлықты көтеруді сұрауда.
Мұрат Әйтенов көлік компаниясының директорына жоспарды алып тастау жөніндегі ұсынысты қайта қарауды ұсынды.
«Қоғамдық көлікте жұмыс істеу — қоғамға қызмет етудің бір түрі. Арадағы түсініспеушіліктен тұрғындар зардап шекпеу керек. Бірі жұмысына кешігіп барса, кейбірі баруы керек жерлерге бара алмай қалды. Егер қандай да мәселе болса бұл компания басшылығымен шешілу қажет. Шешілмеген жағдайда депутаттар бар, ол жақта шешілмесе маған келіңіздер. Мен үнемі ашықпын. Бірақ, енді ешқашан азаматтарды мұндай қолайсыздыққа қалдырмаңыздар» — деген шаһар басшысы өзінің орынбасарына әрбір 10 күн сайын жүргізушілердің жағдайын біліп тұруды тапсырды.
Кездесу соңында жүргізушілер кешірім сұрап, қызметтеріне қайта кірісетіндігін айтты.
Еске сала өтсек, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Төлем» жүйесі енгізілген. Бірақ жүйе енгізілгеннен бастап көліктерге қойылған валидаторлардың түрлі себептермен істен шығуы тұрғындардың наразылығын тудырғаны жасырын емес. Осыған орай, 1 ақпаннан бастап ТӨЛЕМ жүйесі істен шыққан жағдайда, қоғамдық көліктер ақысыз қызмет көрсететінін хабарлаған болатынбыз.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі