Мәжіліс елді шулатқан заң жобасын кері қайтарып алды
Мәжіліс елді шулатқан заң жобасын кері қайтарып алды
Заң жобасымен жұмыс істеп жатқан парламент депутаттары мен өзге де ұйымдар нормаларды тағы бір мәрте қарап шығады
Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті қоғамда шу туғызған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын кері қайтарып алу жайлы шешім қабылдады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Заң жобасын 2019 жылы президенттің жолдауынан кейін парламенттің бір топ депутаты әзірледі. Мемлекет басшысы елде отбасылық-тұрмыстық жанжалдың артып бара жатқанын мәлімдеген болатын.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Sputnik Қазақстан тілшісіне заң жобасы 10 айдан астам парламент қабырғасында талқыланып жатқанын айтты.
«Жұмыс топтары заң жобасымен жұмысты тоқтатқан жоқ. Қазіргі заң – мүлде басқа құжат. Парламенттен бөлек, заң жобасымен тағы 55 ұйым жұмыс істейді. Қазір көбі депутаттарға жала жабуда, құжатта мүлде болмаған баптарды айтып жатыр», — дейді депутат.
Айтуынша, мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмила Нұрманбетова заң жобасын кері қайтару және оның мазмұнын жетілдіру туралы шешім қабылдаған.
«Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы нормаларды тағы бір мәрте қарау және заң жобасына тағы бір рет тәуелсіз бағалау жүргізу үшін заңды қайтарып алды. Заң жобасымен жұмыс қанша уақыт қажет болса, сонша жалғасады», — деп нақтылады депутат.
Айта кетсек, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын парламенттің сегіз депутаты әзірлеген. Құжат балалардың құқығын қорғайды және тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға септігін тигізеді.
Жазаны қатаңдатудан бөлек, зорлық-зомбылық жасайтындарға емделуге мүмкіндік беріледі.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Құжатқа қарсы шыққандар көп. Десе де, құқыққорғаушылар мен заңгерлер қазақстандықтарды отбасындағы зомбылықтан қорғауға мүмкіндік беретін заң жобасының қабылданғанын құптап отыр.
https://sputnik.kz/society/20210127/16145303/Majilis-zan-jobasy.html