ӨТКЕН ЖЫЛЫ 14,5 МЫҢ ТОННА ЕТ ӨНІМІ ӨНДІРІЛГЕН
ӨТКЕН ЖЫЛЫ 14,5 МЫҢ ТОННА ЕТ ӨНІМІ ӨНДІРІЛГЕН
Шымкент қаласында қала халқын сапалы мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы бірқатар жұмыстар атқарылды.
2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 36,1 млрд теңгені құрады: өсімдік шаруашылығы – 13,4 млрд теңге, мал шаруашылығы – 21,9 млрд теңге. Атап айтқанда, ет – 14,5 мың тонна (102,6 %), сүт – 47,1 мың тонна (102,9 %), жұмыртқа 161,9 млн дана (130,9 %) өндірілді.
Шаһарда ірі қара мал – 75,9 мың, қой мен ешкі – 101,2 мың, жылқы – 14,2 мың, түйе — 29 бас және құс – 1,1 млн басқа жеткен. Былтыр 102 шаруаға 1 069,3 млн теңге субсидия төленіп, мемлекеттік қолдау көрсетілген.
2021 жылы қалада бірқатар шаруа қожалықтары өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Қасқасу — С» ШҚ 2020 жылы қосымша 700 басқа арналған мал ұстайтын қоражай салып, 1 180 бас бұқашықты бордақылады. Нәтижесінде 330 тоннаға жуық таза ет өндірген. Қожалық иесі Динара Нурманбетованың айтуынша, 2021 жылы қосымша 500 бас бұқашыққа арналған қоражай құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
«Тассай құс» ЖШС 2021 жылы құс басын 200 мыңға жеткізіп, тағамдық жұмыртқа өндірудің жылдық қуаттылығын 35 млн данадан 50 млн данаға жеткізуді жоспарлап отыр. Құс фермасының жанынан қосымша қоражай құрылысы салынып, оған Германиядан құс асырауға арналған клеткалар және жұмыртқаны сұрыптауға арналған құрал-жабдықтар сатып алынады. Жоба құны – 200 млн.теңге.
Африкалық сом балық және асшаян (криветки) өсіретін «Алина» шаруа қожалығы 2021 жылы қала аумағындағы су тоғандарды пайдалана отырып, нарықта алтынмен тең бағаланатын «бекіре» тұқымдас балық түрін асырауды көздеуде. Жоба құны – 45 млн теңге. Жаңадан 12 жұмыс орны ашылады.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі