ШЫМКЕНТТЕ 12 АЙ ІШІНДЕ 654,2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ
ШЫМКЕНТТЕ 12 АЙ ІШІНДЕ 654,2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ
Шымкент қаласында өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындары 654,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. 2019 жылдың 12 айында 579,5 млрд. теңге болған еді. Яғни 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 98,9% құрады (жоспар — 98%). Межеленген жоспар орындалған.
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновке қаладағы салалық басқармалардың 2021 жылға арналған жұмыс жоспарларына және нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша есебінде Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баяндады.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде – 566,2 млрд. теңгенің, кен өндіруде – 624,2 млн. теңгенің, электрмен, газбен жабдықтау – 73,5 млрд. теңгенің, сумен жабдықтау – 13,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.
— Бұл жылы өнеркәсіп көлемін 102,5%-ға дейін өсіру көзделіп отыр. Атап айтқанда, «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС жобасының 1 кезеңін іске қосып, жыл соңына дейін 20 мың тонна өнім шығару жоспарлануда,- деді басқарма басшысы.
Одан өзге «Standart Steel KZ» ЖШС, «Амир-А», «Шымкент смелтинг» ЖШС және «Хевел Казахстан» ЖШС өнімдерін шығару арқылы өнеркәсіптің нақты көлем индексі артпақ.
Сонымен қатар, алдағы уақытта өнеркәсіптің басты міндеттерінің бірі -машина жасау, металлургия, жеңіл, химия, фармацевтика өнеркәсіптері мен құрылыс материалдарын өндіру салаларын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Фото: Береке Сейітжаппар
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі