ҚОНАЕВ – РЫСҚҰЛОВ КӨШЕЛЕРІНІҢ ҚИЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛАЙРЫҚ БИЫЛ ҚАРАША АЙЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
ҚОНАЕВ – РЫСҚҰЛОВ КӨШЕЛЕРІНІҢ ҚИЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛАЙРЫҚ БИЫЛ ҚАРАША АЙЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысының II кезеңінің басталуы бойынша баспасөз брифингін өткізді. Сондай-ақ, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов, «Bazis Construction» ЖШС Шымкент қалалық филиалының директоры Руслан Рахматуллаев жұмыс жоспарларын баяндап берді.
Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысының II кезеңі 2021 жылдың 20 қаңтарында басталады. Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, 20 қаңтардан Қонаев даңғылы (Рояль клубы тұсынан Рысқұлов көшесіне дейін) және Бәйдібек би даңғылы (Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін) толығымен жабылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезіндегі жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасы әзірленді.
2020 жылы 500 миллион теңге игерілді. Биыл республикалық бюжеттен 1.5 млрд теңге қаралған. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде тағы 3 миллиард теңгеге қосымша ұсыныс берілмек.
М. Исаховтың мәлімдеуінше, биылға жалпы бес миллард теңге қаржы бөлініп, жолайрықты қараша айында іске қосу жоспарланып отыр.
– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылысты биыл қараша айының соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселені мердігер мекемелермен бір апта талқылап, шешу жолдарын таптық. Аяқтауға мүмкіндік бар. Қонаев пен Рысқұлов – қаланың ортасындағы күретамыр жолдар. Сол себепті жұмысты тезірек орындауға күш салынады. Қонаев көшесін 1 қыркүйекте ашуға тапсырма берілді. Жалпы жолайрықта қараша айының соңында көлік қозғалысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мердігер мекеме нысанға бес жылдық кепілдемесін береді, – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала көшелерінде көлік кептелістерін болдырмау және жол апаттарын алдын алу мақсатында Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жоспары бекітілген. Жалпы қалада бес жолайрық салу көзделген.
Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі