ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ ЖАҢА ЖҮЙЕМЕН ТОЛЫҚТЫ
ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚТЫҚ КЕҢСЕ ЖАҢА ЖҮЙЕМЕН ТОЛЫҚТЫ
Ордабасы ауданында ашылған «Халықтық кеңсе» жаңа жүйемен жұмыс жүргізбек. Бұл жөнінде аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков сервистік әкімдік кеңсесінің ашылуында мәлімдеді. «AIKEY» жүйесі тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді бағдарлама арқылы тиісті бөлімдерге жолдап, мерзімін белгілейді. Арыз-шағымдарға жауап беру деңгейіне бағдарлама сараптама жасап, бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдерінің рейтингісін түзеді. Әрі, тұрғындар жазылған өтінішінің қаралу сатысы мен оны зерделейтін маманды да осы бағдарлама арқылы бақылап отыруға мүмкіндіктері бар.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Қарғабай Мирас жаңа жүйенің жұмысымен танысып, «Ашық әкімдік» қағидасында жұмыс жүргізу үшін бұл ең оңтайлы нұсқа екенін атап өтті. Қазіргі таңда «Халықтық кеңсеге» өтінішпен келген аудан тұрғындарына Ордабасы ауданы әкімдігіне қарасты 8 дербес бөлім қызмет көрсетеді. Жалпы 74 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 8 маман кеңес беріп, өтініш-тілектерін қабылдайды. Сонымен қатар, «Сервистік әкімдік» те «Халықтық кеңседе» орналастырылды. Сервистік әкімдікте халықтың өтініштерін қабылдау бойынша 2 оператор қызмет көрсетеді.
«Халықтық кеңсе» — Бас прокуратураның бастамасымен облыстық прокуратураның, облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырған жоба. Жобаның мақсаты — азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру, олардың мәселелерін тиімді шешу, сапалы құқықтық қызметке «бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізу. Прокуратура, ішкі істер, әділет органдарының, облыс әкімдігі қызметкерлерінің, сондай-ақ қорғаушылар мен медиаторлардың кеңестерін алуға мүмкіндіктері бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі