Құрметті жерлестер! Қадірменді ағайын!
Құрметті жерлестер! Қадірменді ағайын!
Елдегі саяси ахуал бәрімізді алаңдатып отыр. Бейбіт шеруден бастау алған бейбірекетсіздіктің соңы жаппай тәртіпсіздікке, бұзаққылыққа ұласып, ел кәсіпкерлері 27 млрд теңгеге дейін шығындалды. Мұны біз ел телеарналарынан көріп, біліп отырмыз. Тіпті кейбір ірі қалаларда террорлық іс-әрекеттер орын алып, халықтың үрейін туғызды. Қаншама ішкі істер қызметкерлері жапа шегіп, бірқатары мерт болды. Қаншама жастар арандатушылыққа ұрынып, оққа ұшты. Бұл өте өкінішті жағдай!
Енді бұл әрекеттерді тоқтатпасқа болмайды. Бірлігі бекем, ынтымағы берік еліміздің ертеңін ойласақ, жаппай тәртіпсіздікке ел болып тосқауыл қоюымыз керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан атамыз айтқандай, баршамыз мемлекет басшысының үндеуіне құлақ асып, қолдау білдіруге міндеттіміз. Өйткені тәуелсіз Қазақстан – біздің ортақ отанымыз.
Ардақты ағайын, құрметті отандастар!
Біз де кезінде талай қиындықтар мен кезеңдерді бастан кешіп, қаншама бейкүнә тұрғындардың жазықсыз оққа ұшқанын, жапа шеккенін, қиналғанын өз көзімізбен көрдік.
Бейбіт күнге жетпейді. Бүгінгі арандатушылықтың ақыры үлкен соғысқа ұласпауы керек. Ол үшін бәріміз бір болып, Мемлекет басшысының үндеуіне бір кісідей үн қосып, қолдап, қуаттауға тиіспіз. Осы ретте Сіздерді біз сабыр мен ынтымақ, бірлікке шақырамыз. Ел болуды ойласақ, елдегі бейбірекетсіздікті доғаруға атсалысайық! Бұқадай буырқанған жастарды сабырға шақырайық! Алла баршаңызға қуат берсін!
Түркістан облысы «Ауған соғысы ардагерлері
мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігі
«Түркістан облысының Чернобыль
мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі
«Түркістан қалалық «Семей ядролық сынақ
полигоны» қоғамдық бірлестігі
Республикалық «Қарулы күштері ардагерлері»
ҚБ Түркістан облыстық филиалы