Шымкентте басына оқ тиген күзетші ауруханада жатыр
Шымкентте басына оқ тиген күзетші ауруханада жатыр
31 жастағы жігіт былтыр ғана үйленіпті.
Шымкентте күзет агенттігінің қызметкері басынан травматикалық қарудан жарақат алды. Ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалған. Дәрігерлер оның басынан қарудың оғын алғанын айтып отыр. Қазір, жағдайы ауыр, жансақтау бөлімшесінде жатыр, деп хабарлады zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап
Елді елең еткізген оқиға өткен түні 3-тер шамасында банктердің бірінің аумағында болған. Күзет агенттігінде жүргізуші әрі күзетші болып істейтін ер адам жанындағы серігімен қызметтік көлікте отырған екен. Ұйықтап жатқан әріптесі кенет тарс еткен тапаншаның дауысынан шошып ояныпты. Сол сәтте басынан жарақат алып, қансырап жатқан серігін көріпті.
Бет-ауызы қан дала болған күзетшіні жедел жәрдем көлігі ауруханаға жеткізді. Шұғыл түрде ота жасалып, басынан травматикалық қарудың оғын алған. Қазір, жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.
Бабыр Юсупов, дәрігер-нейрохирург:
Жарақат алған жері маңдай, шеке жері. Оң жағынан бір оқ алдық. Көп қан жоғалтқан және қан компоненттері қоюланған.
31 жастағы жігіт былтыр ғана үйленіпті. Агенттікте үш жылдан бері күзетші әрі жүргізуші болып еңбек етеді екен. Адал қызметі үшін бірнеше мәрте басшылық тарапынан алғыс алған. Жанындағы травматикалық тапаншасы өзіне қызметтік қару ретінде сеніп берілген. Бірақ, оқ дәл осы қарудан атылды ма, жоқ па, ол жағын әріптестері білмейтін болып шықты. Тек, жорамал бойынша байқаусызда шүріппені басып жіберген болуы мүмкін.
Алмаз Батырбеков, күзет агенттігінің басшысы:
Атыс қаруы қолдануы бойынша жұмыс барысын атқару бойынша күніге инструктаж өткізіліп, қол қойылатын күнделікті жорналымыз бар. Енді оның мән-жайын анықтай жатармыз. Ішкі істер органы шара қолданып, шешім қабылдайды.
Осы дерек бойынша, полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Шымкент қалалық ПД ресми хабарламасы:
2020 жылдың 10 желтоқсанында Адырбеков көшесінде азаматтың өз-өзін атып жібергені бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігімен тергеу амалдарын бастады. Қазіргі таңда жараланған азамат аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігірлер зардап шегушінің өміріне қатысты қандай да бір болжам айту қиын дейді. Сәтін салып, беті бері қараса ұзақ уақыт тұрақты ем қабылдауға тура келетінін айтады. Ал, әріптестері моральдік және материалдық тұрғыда көмек беруге әзірміз деп отыр.