Шымкентте алдағы уақытта қандай өзгерістер болады?
Шымкент шаһарының Мемлекет басшысының жарлығымен республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғанына алты айға жуықтады. Қазір миллионнан аса тұрғыны бар қалада өндіріс өркендеген.
Шымшаһарда өнеркәсіп саласында 605 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 541-і – шағын, қалған 64-і – ірі және орта өндірістер. Осы жылдың он айының қортындысы бойынша 383,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 4 пайызға артық.
«Миллион тұрғыны бар шаһар солтүстік-батыс және шығысқа бағытқа қарай дамиды», – дейді қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасындағылар. Қалада жыл басынан бері 277 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Оның 104 жеке құрылыс салушылар есебінен тұрғызылады.
Қазіргі таңда Шымкенттің іргесіндегі «Шым сити» қалашығын өркендетуге басымдық беріліп отыр. 420 гектар аумақты алып жатқан қалашықта 316 нысан бой көтереді. Шаһардағы ең биік 25 қабатты зәулім үй де осы жерден бой көтермек.
«Шым сити» қалашығында 70 мың адам қолжетімді баспанамен қамтылады деген жоспар бар. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап шаһардағы барлық қоғамдық көліктер электрондық билетке көшіріліп, автобустардың ішіне бейнебақылау қондырғылары орнатылады.