Мас күйде елдің мазасын алған түркістандық ұшақтан қалып қойды
Мас күйде елдің мазасын алған түркістандық ұшақтан қалып қойды
Шымкент қаласының әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған мас жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ ол айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиевтің айтуынша, кеше Шымкент қаласы әуежайының қызметкері полицияға хабарласып, алкогольге мас жолаушының күту залында өзін дөрекі ұстап, былапыт сөйлеп, қоғамдық тәртіпті бұзғанын айтқан.
Оқиға орнына жеткен көліктегі полиция қызметкері мас жолаушыны сабырға шақыруға тырысқанымен, ол заңға қайшы әрекетін тыймай, қоғамдық тәртіпті бұзуын жалғастырған. Бұзақы полицейлердің заңды талабына бағынбай, айғайлап сөйлеп, билік өкілдеріне балағат сөздер айтқан. Тексеру барысында құқық бұзушының Түркістан облысының 37 жастағы тұрғыны екендігі анықталған.
«Аталған азамат полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 1-тармағы, 434-бабы 1-тармағы, 667-бабы 1-тармағы бойынша 3 әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», — деді полиция полковнигі.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, азамат алкогольге орташа деңгейде мас болғаны анықталып отыр.
«Оған қоғамдық орынға алкогольге мас күйде келу фактісімен 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Екі әкімшілік бапқа қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Шымкент қалалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. Сонымен қатар билік өкілін балағаттау фактісімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деді ол.
https://www.inform.kz/kz/mas-kuyde-kogam-mazasyn-algan-turkistandyk-ushaktan-kalyp-koydy_a3720569