ШЫМКЕНТ: ОТБАСЫ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ МӘСЕЛЕСІ ОНЛАЙН- КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ШЫМКЕНТ: ОТБАСЫ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ МӘСЕЛЕСІ ОНЛАЙН- КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанованың басшылығымен Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссиясы мүшелері мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдар басшыларының қатысуымен жедел онлайн-кеңес өткізілді.
Онлайн-кеңесте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Шыңғыс Мұқан «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының Шымкент қаласында іске асырылуы туралы» баяндама жасады.
Жалпы мұндай кеңестерді Ұлттық комиссия барлық өңірлердегі комиссияның мүшелерін және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін кеңінен қатыстыра отырып, аймақтағы отбасы және гендерлік саясаттың жүзеге асырылу мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы 2030 жылдарға дейінгі отбасы және гендерлік саясатты жүзеге асыру Тұжырымдамасында бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізілу шараларын талқылау мақсатында жоспар бойынша өткізуде.
Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова ана мен бала денсаулығы, әйел құқығы, оның еңбегінің сақталуы, оның барлық деңгейдегі мемлекеттік және корпоративтік секторларға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселелері — ел Президенті Қ.Тоқаевтың үнемі назарында екендігін айта келе, «Еліміздің дамуында Шымкент қаласының алар орны ерекше. Әсіресе өңірдің қазіргі экономикалық, әлеуметтік потенциалын қалыптастыруда шымкенттік әйелдердің де үлесінің жемісін көріп отырмыз», — деді.
Ұлттық комиссияның ұйытқы болуымен өткен онлайн-кеңес барысында әйелдердің қоғамдағы, саясаттағы және шешімдер қабылдау деңгейіндегі рөлінің маңыздылығы аталып өтілді. Сонымен бірге елде өтіп жатқан праймеризге қатысушы әйел азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетілу қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің, жалғызбасты және мүгедек балалары бар аналардың құқықтарын қорғау сияқты маңызды мәселелердің себептері мен шешу жолдары да қарастырылды.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *