Тоңазытқыштан табылған мәйіт: Жамбыл облысында педофилдің қылмысын әйелі жасырған

Жасұлан үйге оралмаған соң алғаш болып анасы дабыл қағады. Ұлының сұмдық жағдайға ұшырағаны әйелдің ойына кіріп те шықпаған еді: тек өз қатарластарымен ойынның қызығына түсіп кетті деп ойлайды. Баланы ойын алаңқайынан таба алмағаннан кейін ғана бірден жолдасына қоңырау соғады.

Ауылда мал дәрігері болып жұмыс істейтін Дәндібай Әлімжанов бар жұмысын тастай сала, дереу үйіне келеді, артынша әйелімен Жасұланды іздеуге шығады. Ауылдағы үйлерді бірнеше сағат бойы аралайды. Жасұлан ұшты-күйлі жоқ. Тек кешке жақын қатты қорыққан ерлі-зайыптылар баланың жоғалғанын полицияға хабарлайды.

Полиция қызметкерлері аз уақыттың ішінде ауқымды жедел-іздеу шараларын ұйымдастырады. Оған құтқарушылар мен әскери қызметкерлерді тартады. Баланы іздеуге жергілікті тұрғындар да атсалысады.

Барлығы ауылдың түкпір-түкпірін, қираған үйлерді, шаруашылық қора-жайларды, есік-тесіктің барлығын мұқият тексеріп шығады. Бірақ Жасұлан еш жерден табылмайды.

Жазатайым оқиға болуы мүмкін деген болжамды қарастырған құтқарушылар сүңгуірлерді де іздеу жұмыстарына тартады, осылайша ауыл маңындағы өзеннің арнасы мен жағалауын сүзіп шығады. Бірақ Жасұлан жер астына кіріп кеткендей еш жерден табылмады.

Жантүршігерлік қылмыс

Келесі күні таңғы сағат алтыда үш жасар баланы іздеу қайта жалғасады. Барлығы оның тірі екеніне, үйге аман-сау оралатынына сеніп, үміт үзбейді. Алайда, арада бірнеше сағат өткеннен кейін бұл үміттің күл-талқаны шығады. Сағат 11-лердің шамасында Әлімжановтар отбасына Жасұланның денесін қолына ұстаған күйі көршісі Халида Ізбасарова келеді.

Егде жастағы әйелдің айтуынша, баланы қираған әжетхананың шұңқырынан тауып алған. Бір күн бұрын Жасұланды іздеген құтқарушылар да, полиция қызметкерлері де, ата-анасы да бұл әжетхананы мұқият тексеріп шыққан. Бірақ, ол жерден ештеңе таппаған еді.

Полицейлер баланың неден өлгенін Әлімжановтар үйіне сот-медицина сарапшылары келместен бұрын білді. Жасұланның мойында іздер болған, яғни оны буындырып өлтірген. Бірақ оны кім және не үшін істегені әлі де белгісіз еді.

Жасұланның мәйітін криминалистер мен сот-медицина сарапшылары зерттеп жатқанда, тергеушілер Халида Ізбасаровадан жауап алып, баланы қалай тауып алғанын білуге тырысады. Алайда көршінің мардымсыз жауабы бірден күдік тудырады. Халида өзінің берген жауабында бірнеше мәрте шатасады. Ақырында оған баланың мәйітін өзінің ауласындағы істен шыққан ескі тоңазытқыштан тауып алғанын мойындауына тура келеді.

Әйелді мұқият тыңдаған тәртіп сақшылары оны күдіктілер тізіміне қосып қоюды ұйғарады, дегенмен кішкентай баланы өлтіруге дәті барды дегенге де сене қоймайды.

Кешке жақын мамандар Жасұланды өлтірмес бұрын қылмыскердің оны асқан жауыздықпен зорлағанын анықтайды.

Күдікті – жасы алпыстан асқан көрші

Жалпы, ауыл тұрғындары Ізбасаровтар отбасы туралы жақсы пікірде еді. Қырғызстаннан Жамбыл облысына көшіп келген отбасы келе салысымен ауыл өміріне етене араласып, жергілікті халықпен жақын араласып кетеді. Кейін Ізбасаровтардың қызы тұрмысқа шығады. Ұлы да табыс табу мақсатында қалаға кетеді. Осылайша, қариялардың қолында жастайынан мүгедек арбасына таңылған немересі ғана қалады.

Сондықтан баланы зорлап, артынан өлтірген қылмыскер — жасы алпысты еңсерген Тұрсынхан Ізбасаров дегенге ешкім сенгісі келмейді. Отағасының артық сөзі жоқ, көршілерімен сыйласып өмір сүрген, ауылдың бала-шағасы да олардың ауласында жиі асыр салып ойнаған. Оның үстіне Жасұланның жоғалғаны белгілі болған кезде Тұрсынхан Ізбасаров түннің бір уағына дейін баланы іздеуге көмектескен.

Тергеу барысында егде жастағы ерлі-зайыптылар өз болжамын жасайды: әлдебіреу баланы зорлап, артынан өлтіріп, отағасын қылмыскер атандыру пиғылымен әдейі ескі тоңазытқышқа апарып жасырды. Тіпті, Тұрсынхан мен Халида Ізбасаровтар Қырғызстанда тұрған кезде олардың өмірінің астаң-кестеңін шығарғысы келген қауіпті дұшпандары болғанын, сол үшін көшіп кеткенін еске түсіреді.

Бұл әңгімеге полиция сенімсіздік танытқанымен, тексеруге мәжбүр болды. Ерлі-айыптылардың айыбы негізсіз болып шығады, қылмыс жасалған күні «дұшпандардың» өз елінде жүргені анықталды.  Сондықтан полиция қызметкерлері Жасұланды өлтіруге Ізбасаровтар отағасының қатысы болуы мүмкін деген болжамды әрі қарай зерттеуді жалғастырады.

Куәгерлер мен дәлелдер

Тәртіп сақшылары Тұрсынхан Ізбасаровты қамауға алу үшін нақты дәлел жоқ екенін түсінді. Сол себепті жергілікті тұрғындар, оның ішінде балалардан қайта жауап алу қажет деген ұйғарымға келеді.  Жасұланның ойын алаңынан қалай және кім алып кеткенін қалайша ешкім көрмеген? Тергеушілерді, міне, осы сауал мазалайды.

Шынымен де, сол күні Жасұланды Тұрсынхан Ізбасаровтың алып кеткенін екі оқушы қыз көрген болып шықты. Олардың айтуынша, көршінің іс-әрекеті оғаштау көрінген. Алтыбақанда тербеліп отырған Жасұланның жанына келген ол баланың басынан бір нұқып, артынан қолтығына қыстырып, өз үйі жағына алып кеткен.

Оқушылар бұған аса мән бермеген екен, өйткені қарияның Жасұланның көршісі екенін білетін. Жасұланды ол ата-анасының өтінішімен алып кетті деп ойлайды.

Бұл жауаптың анығын тексеру үшін тергеушілер күдіктіні мектеп оқушыларына көрсетеді. Олар еш бөгелместен сол күні Тұрсынхан Ізбасаровты көргенін айтады.

Осыдан кейін полицейлер күдікке ілінген отбасының баспанасын қайтадан тінтуге кіріседі, бұл жолы үйдің бұрыш-бұрышын толықтай тексеріп шығады. Тыңғылықты жұмыстар өз нәтижесін береді: криминалистер үйдің кіреберісінен және бала жоғалған күні Ізбасаровтың үстінде болған киімнен бірнеше тал шаш тауып алады, кейін зерттеу барысында оның Жасұланға тиесілі екені анықталды.

Мұндай дәлел-дәйектер күдіктінің қолын кісендеуге жеткілікті еді.

Қылмысын мойындады

Тергеу амалдары жүргізілген кезде Ізбасаров өзін аса сабырлы ұстайды. Алайда, тергеушілер қылмыс жасалған жерге қайтадан алып барамыз дегенде оның бойын қорқыныш пен үрей билейді. Себебі, Тұрсынхан ауылдастардың жазасынан қатты қорықты. Полиция қызметкерлері де мұны жақсы түсінді, сондықтан тергеу амалдары жүргізілген жерді қоршап, оған ешкімді жолатпады.

Егде жастағы адамның осыншалық жантүршігерлік қылмысқа неге барғаны белгісіз күйі қалатын секілді. Ол өзі бұл іс-әрекетін былайша түсіндірді: бірнеше жыл бұрын жол апатына ұшыраған. Айтуынша, соның салдарынан миы қатты шайқалып, ара-тұра басы қатты ауыратын болған.  Мұндай сәттерде Тұрсынхан өзінің іс-әрекетіне есеп бере алмай қалады екен. Сондықтан сұмдық қылмысын осындай кезекті бір ұстамамен байланыстырды.

Қылмыскердің сөзінше, алтыбақанның жанына келген кезде Жасұлан одан қорықпаған. Оқушы қыздардың ойын алаңынан әкетпес бұрын Жасұланның басынан нұқыды деген айыбымен келіспейтінін, баланың үйге өз еркімен еріп келгенін айтады.

Ізбасаров үйде мүгедек арбасына таңылған кішкентай немересінен басқа ешкімнің жоқ екенін, әйелінің әлдебір шаруалармен шығып кеткенін білді.

Үй иесі өзінің қандай ауыр қылмысқа барғанын артынан түсінеді. Сондықтан баланың мәйітін қайда жасырарын білмей басы қатады. Егер мәйітті ауылдың ішімен шығарып, өзенге апарып жасырса, оны әлдебіреулер көріп қоятыны анық еді.

Сөйтіп, үй ішінде ерсілі-қарсылы жүрген оның көзіне аулада тұрған ескі тоңазытқыш түседі. Ізбасаров көп ойланбастан баланың денесін сол жерге жасырады.

Лайықты жаза

Қылмыскер кінәсін мойындаған соң полицейлер кейбір жайтты нақтылауға көшеді. Айталық, Ізбасаровтың әйелі шын мәнінде болған оқиғадан хабарсыз ба, әлде тергеуді шатастыру үшін бәрін жасырды ма деген күдікті тексереді.

Бұл сауалдың жауабын Тұрсынхан Ізбасаровтың өзі береді. Айтуынша, өзінің қандай ауыр қылмысқа барғанын сол күні кешке құтқарушы топпен бірге баланы іздеп келгеннен кейін әйеліне айтқан.

Ізбасаровтарға қатысты сот процесі 2015 жылдың күзінде болды.

Басты күдікті ­­Тұрсынхан Ізбасаров өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілетінін білді. Сол себепті жауабын тез арада өзгертеді. Ол алғашқы болжамына, яғни, ауласындағы ескі тоңазытқыштың ішіне баланың мәйітін оның дұшпандары әдейі тастап кеткен дегенге оралады. Алайда педофилдің жауабының еш маңызы жоқ еді. Тергеушілердің қолында заттай айғақтар мен сот-медициналық сараптаманың нәтижесі болды.

Жасұлан Әлімжановты зорлау және өлтіру ісі бойынша үкім 2015 жылдың 7 қазанында шығарылды. Тұрсынхан Ізбасаров өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Әйелі Халида Ізбасарова ауыр қылмысты жасырғаны және тергеу амалдарын шатастыруға тырысқаны үшін 5 жылға сотталды.

(Материалдағы адамдардың аты-жөні өзгертілген)

https://sputniknews.kz/columnists/20200916/14974958/tonazytkysh-Zhambyl-oblysy-pedofil.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *