ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖАҚЫНДА ДЕПАРТАМЕНТТЕР ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖАҚЫНДА ДЕПАРТАМЕНТТЕР ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылысы аяқталуға жақын нысандарды аралап көріп, мердігер компаниялардың жауапты өкілдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Аймақ басшысы оларға бекітілген кестеден ауытқымауды ескертті.
Ең алдымен өңір басшысы әкімшілік-іскерлік орталығындағы департаменттер ғимаратында болды. Бүгінде жихаздарды орналастыру жұмыстары толығымен аяқталды. Нысанның құрылыс жұмыстарына 150 адам жұмылдырылып, екі ауысымды жұмыс ұйымдастырылған. Ғимаратты жақында пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Өмірзақ Естайұлы бұдан соң «Керуен сарайдың» құрылыс аумағында болды. Керуен сарайдың сыртқы қасбеті және ішкі әрлеу, бөлмеаралық қыш қалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда, нысан құрылысында 920 жұмысшы еңбектенуде.
Облыс әкімі заманауи үлгіде салынып жатқан Хэмптон қонақ үй кешенінің жұмыс барысын да бақылады. Қазіргі таңда қонақ үйдің конструкциясын тұрғызу, шатыр жұмыстары, қасбет, ішкі әрлеу, бөлмеаралық қабырға жұмыстары жүргізілуде.
Өмірзақ Шөкеев сонымен қатар Конгресс хол, «Ұлы дала елі», драма театр мен «Rixos Turkestan» қонақ үйі және Қ.А. Ясауи кесенесінің айналасында жүріп жатқан ауқымды жұмыс барысын тексерді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі