Президент Жолдауын жүзеге асыру үшін шамамен 2 трлн теңге қажет

Президент Жолдауын жүзеге асыру үшін шамамен 2 трлн теңге қажет

Бірінші кезекте, бұл медициналық қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысын арттыру, ШОБ-қа несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және т.б.

Сурет : zakon.kz

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларын екі жыл ішінде орындау үшін қажет болатын қаражат көлемін жариялады, деп хабарлады zakon.kz.

— Жолдауда айтылған Президенттің тапсырмалары тиісті қаржылық қолдауды қажет етеді. Биылғы жылдың республикалық бюджетінде белгілі бір қаражаттар қарастырылған. Мәселен, 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасын салуға 30 миллиард теңге бөлінген. Үкіметтің резервінен әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балаларына компьютерлік жабдықтар сатып алуға қазірдің өзінде 70 миллиард теңге бөлінді, — деді Смайылов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 2020 жылғы бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша шығындар, атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу, дәрі-дәрмек сатып алу және тағы басқа шығындармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

— Алдын ала есептеулер бойынша, Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, биылғы бюджет қосымша 300 миллиард теңгені талап етеді. 2021 жылғы бюджетте Мемлекет басшысының Жолдаудан берген тапсырмаларын жүзеге асыруға 1,6 трлн қарастырылған. Бірінші кезекте, бұл медициналық қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысын арттыру, ШОБ-қа несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға және қайта салуға жұмсалатын шығындар, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы және басқалары. Жекелеген тапсырмалары бойынша мемлекеттік органдар шығындарды нақтылап жатыр. Кіріс көзі шығыстар бөлігін оңтайландыру, көлеңкелі экономиканы төмендету есебінен түсетін қосымша кірістер, бұл салық базасын кеңейту, тиісінше, экономика мен кәсіпкерлікті дамыту және жеке инвестицияларды тарту арқылы бюджетке түсетін түсімдер», — деп сөзін қорытындылады ол.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, бюджетке түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Шамамен қыркүйектің аяғы — қазан айының басында Мәжіліске осы негізде түзетулер енгізілген жоба ұсынылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *