Атакәсіпті жаңғыртқан кәсіпкер Сырым Ертаев
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде көптеген игі істер қолға алынғаны мәлім. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Ордабасы тауында үш биге монумент орнатылып «Қазығұрт тауы» жобасы жүзегеасырылады.
Ал Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесін байланыстыратын ежелгі жол қайта жаңғыртылып, оның бойына ұлттық қолөнершілердің шеберханалары бой түземек. Бұл таяу арада іске асырылуы тиіс, жоспардағы жұмыстардың бірқатары ғана. Елбасы мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айта келе, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», – деген болатын Елбасы бағдарламалық мақаласында. Оңтүстікте туған жерінің, ауылының өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосып жүрген кәсіпкерлер көп. Шағын және орта бизнестің дамуына, ауылдағы ағайынның жұмыспен қамтылуына мүдделі азаматтардың бірқатары «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енді. Елбасы айтқандай, «ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…». Осы орайда біз ел дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер Сырым Ертаевты әңгімеге тартып, табысқа жету тарихын білмек болған едік. «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Махамбетұлы – «100 жаңа есім» жобасына таңдалған кәсіпкер, меценат. Елге жасап жүрген қайырымдылық істері жөнінде айтуды мүлде ұнатпайтын азаматтың мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қаржылай көмек беріп жүргенінен хабардармыз. Кәсіпкердің көпбалалы, жалғызілікті аналарға баспана салып беріп, бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуына жағдай жасап жүргенін айтушылар да аз емес. Бұл істі кәсіпкер өз ауылында ғана емес, көрші елді мекендерде де жалғастыруда. Жылына 3-4 тұрғын үй мұқтаж жандарға тегін беріледі. Осылайша ол өзге әріптестеріне үлгі көрсетуде. Сондай-ақ кәсіпкерлікті меңгергісі келетіндерге үйретуден жалықпайтынын жастар жиі ризашылықпен айтады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген кәсіпкер қайбір жылы Қазығұрттың баурайын малға толтырған болатын. Ата кәсіп мал шаруашылығын дамытып жатқан Сырым Махамбетұлы бертініректе Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округінен мал сою бекетін және ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехын салып, іске қосты. Қуаттылығы – күніне 30 тонна өнім өндіретін, 28 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген кәсіпорында бірінші кезекте сапаға мән беріледі. «Елбасы бағдарламалық мақаласында: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі», екенін айтты. Өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігін пайдалануды атап көрсетті. Осы орайда біз мал сою цехын ашар алдында шетелдерді аралап, осы саладағы озық технологиялармен таныстық. Еліміздің өнімін экспортқа шығаруды көздедік. Көрген-үйренгенімізді, ізденістен түйгенімізді сараптап, өз цехымызда қолдандық. Нәтижесінде, ет өнімдерін экспортқа шығарудамыз. Иран елінен сұраныс көп, алғашқыда 10 мың қой жібердік, бүгінде күніне 2-3 мың жөнелтудеміз. Сондай-ақ Қытай, Ресей елдерінен сұраныс түсуде. Оларға семіз мал емес, салмағы кемінде 10 келі, әрі кеткенде 20 келіден аспайтын мал еті қажет. Бізде ондай қойлар жоқ. Асылдандырып, семіртуге бейімбіз. Осы орайда олардың тағамтану мәдениетін зерттеп, талапқа сай өнімдерді жіберуге басымдық берудеміз. Көптеген ауылдардан, тіпті өзге облыстардан келіп мал шаруашылығы бағытында кәсіпкерлікті меңгеруге қызығушылық танытушылар көп. Олардың оқып-үйренуіне барлық жағдай жасаудамыз және тегін. Яғни бізде кәсіпкерлік мектебі жұмыс істеуде», дейді Сырым Ертаев. Бүгінде «Қайып ата» ЖШС ет өнімдері экспорты көлемін арттыра түсуде. Дегенмен етті терең өңдеп, Корея, Жапония елдеріне де жөнелтуді көздеп отырған серіктестікке білікті технолог қажет. «Жастармен кездесуде ауылға қажетті мамандықтарды, оның ішінде технолог мамандығын меңгеруге үндеудеміз. Егер талапкерлер болса, біздің кәсіпорында жұмыс істетіп, Еуропаға оқуға өз қаражатымызбен жіберуге дайынбыз. Сондай-ақ бүгінде мал дәрігері, зоотехник сынды мамандықтар да сұранысқа ие. Біздің еліміздегі мал өнімдері, ет араб елдерінде де жоғары бағаланады. Өйткені шөбіміз құнарлы, табиғатымыз, климатымыз мал өсіруге қолайлы. Еліміздің қай өңірінде болсын. Жастарды мал шаруашылығына ден қоюға шақырудамыз. Кәсіпке деген махаббат барлық қиындықты жеңетінін айтудамыз. Етті тереңдетіп өңдеуді қолға аламыз, ол үшін мал санын көбейту қажет. Атакәсіпті жаңғырта сапалы мал азығын дайындап, сапалы өнім шығарып, әлемге тантытуымыз қажет», дейді кәсіпкер. Қазығұрт, Сайрам аудандарында мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер бұл істі Батыс Қазақстан облысында да жүргізуде екен. Орал қаласының маңайынан жер алып, қора тұрғызған серіктестік енді 2-3 мың бас малға арналған бордақылау алаңын салмақ, қой санын көйбейтпек. Міне осылайша жаңа жұмыс орындарын ашып, ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен ауыл, аудандағы ағайынның алғысына бөленіп, «100 жаңа есімге» енген Сырым Махамбетұлы кәсібінің ауқымын кеңейтіп, туған жерге сүйіспеншілігін туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұластырып отыр. Айта кетелік, Оңтүстікте «Туған жер» арнайы жобасы негізінде 50 жоба дайындалып, 153 іс-шара жүзеге асырылуда. Ал «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында 19 жоба, «Рухани қазына» аясында – 20, «Атамекен» аясында – 10, «Ақпарат толқыны» аясында 2 жоба іске асады.