«ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ» МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

«ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ» МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

 

Бүгін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында «ҚР Тұңғыш Президенті күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шарада еліміздің кең байтақ даласы, сұлу табиғаты, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларындағы Елбасы ашқан көрікті жерлер мен ғимараттар, Шымкенттің үшінші мегаполис атану тарихы жайында бейне ролик көрсетілді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов салтанатты жиында көпшілікті мерекемен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды.

 

– Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл барша қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпыұлттық мерекеге айналды. Бұл айтулы мерекенің мәні зор, маңызы ерекше. Олай болатыны, бұл бабалар арманы – Тәуелсіздікке жол ашқан ақжолтай күн. Осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау негізінде өзінің тұңғыш Президентін сайлаған болатын. Осылайша Президенттік институтты енгізу арқылы Қазақ мемлекеті өз тарихындағы жаңа дәуірге қадам басты. Тәуелсіздігін жариялап, дербес ел болды. Міне, содан бері еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қысқа мерзімде бір ғасырға бергісіз жолды жүріп өтіп, әлемде өзіндік орны бар іргелі елге айналдық.

Елбасы халық билігі мен тәуелсіздік қағидаттарының символы әрі кепілі. Бүкіл әлем мойындаған жаһандық бітімгерлік бастамаларының авторы. Оңтүстіктің қақпасы іспеттес Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беріп, елімізде миллионнан астам тұрғыны бар жаңа мегаполистің пайда болуына жол ашты. Елбасының осы шешімінің арқасында сүйікті қаламыз Шымкент екі жылдың ішінде шырайы кіріп, шынайы өркендеуге бет алды. Қысқа мерзім ішінде қыруар шаруалар атқарылды. Экономикасы нығайды, әлеуетті артты. Елбасының көрегендігіне шаһарымыздың қазіргі даму барысы айқын дәлел, – деді қала әкімі.

Іс-шара одан әрі қарай Тәуелсіздік жолындағы бабалардың күресін бүгінгі жарқын күнмен ұштастыратын «Ұлы дала Аманаты» театрландырылған көрінісімен жалғасты.

Сондай-ақ, мерекелік жиында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актерлері, Шымкент қалалық Опера және балет театрының солистері, «Қазына» би ансамблі және «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының әншілері өнер көрсетті.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *