ШЫМКЕНТ: ТАҒЫ 17 СПОРТШЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТЫСУҒА ҮМІТТІ
ШЫМКЕНТ: ТАҒЫ 17 СПОРТШЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТЫСУҒА ҮМІТТІ
2021 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына ойындарына қатысу үшін оқ ату спорт түрінен Юрий Юрков, стенд атудан Рысбекова Сарсенкүль, каратэ – додан Асадилов Дархан және бокстан Сафиулин Закир жолдама жеңіп алған болатын. Бұлардан бөлек, спорттың 11 түрінен тағы 17 сайыпқыранымыз күн шығыс еліне бару үшін жолдамаға таласады екен. Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олег Почивалов ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте айтты.
«2021 жылғы ХХХІІ-Жазғы Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұқпалы індеттің өршуіне байланысты бүгінде спорт түрінен халықаралық турнирлер, іріктеу бәсекелерінің бәрі уақытша тоқтатылды. Дегенмен, спортшылар жаттығуды үзген жоқ. Ал спортшылардың денсаулығы барынша қадағалауға алынған»,-деді ол.
Олимпиада ойындарына жолдамаға үміткер спортшылар — Байдарка және каноэ есуден Емельянов Сергей, Емельянов Тимофей, Подойникова Ирина. Ал, бокстан Шекербекова Жайна, таеквондодан Дүйсебай Смайыл, батутта секіруден Алиев Пирмаммад, жеңіл атлетикадан Коблов Дмитрий, дзюдодан Галбадрах Отгонцэцэг, каратэден Берульцева Софья мен Юлдашев Данияр. Сонымен қатар, велоспорт бойынша Воржев Павел, көркем гимнастикадан Адилханова Алина болса, оқ атудан Король Елизавета мен стенд атудан Панарина Ольга, Мухамедиев Владислав, Кравченко Зоя, Дмитриенко Мария.
Естеріңізге сала кетейік, XXXII жазғы Олимпиада ойындары Токиода 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы арасында өтуі тиіс болатын. Алайда, әлемді жаулаған коронавирус пандемиясына байланысты, жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамыз аралығында өтеді деп белгіленіп, кейінге шегерілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі