ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БӘЙДІБЕК АУДАНЫНА БАРДЫ
Бәйдібек ауданында елді мекендерге табиғи газ жеткізіліп, шаруалар асыл тұқымды ірі қара малдың жаңа түрін өсіруді қолға алуда. Ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар нысандарды аралап, жергілікті шаруалармен кездесті. Аймақ басшысы алдымен ауданды табиғи газбен қамтамасыз етіп, газ құбырларын жүргізу жоспарымен танысты. Шаян елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құрылымдау жоспары мен абаттандыруға бағытталған жаңа жобалардың барысын бақылады. 150 орындық Қосбұлақ мектебінің құрылысында болды.
Сондай-ақ, облыс басшысы бірқатар егістік алқаптарын аралалап, жылыжайлардың жайын көрді. «Бердібай» шаруа қожалығындағы егістік алқабында 2 мың гектарға бидай, 1000 га жерге мақсары егілген. Жеке техникамен жабдықталған. Жүзден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аудандағы шаруашылықтар жаңбырлатып суару әдісінің тиімділігіне көз жеткізуде. Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен етек жайған тәсілдің тиімді тұстары көп. Жаңбырлатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Артық шығынды қажет етпейді. Суды үнемдеп, жұмыс күшін қысқартады. Шаруалар дәл осы тәсілмен егін егуге көшпек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі