Түркістан облысы халқының 28% интернетке қол жеткізе алмай отыр

Түркістан облысы халқының 28% интернетке қол жеткізе алмай отыр

Мектептерде бірінші тоқсан қашықтан өтетінін ескерсек, бұл білім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін, деп хабарлады «Хабар 24».

Олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті билік өкілдері қандай шара қолданбақ?

Түркістан – елімізде халқы тығыз орналасқан облыс. Мұнда оқушыларға орын жетіспейді. Мәселен, жарты миллион балаға өңірде 910 мектеп бар. Оның 12-і үш ауысымды әрі апатты. Сондықтан алдағы бес жылда мұнда 158 жаңа оқу білім ошағын салып, ескілерін қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Сұлтанмұрат Қыпшақбаев, Түлкібас аудандық білім бөлімінің әдіскері: — Түлкібас аудандық білім бөліміне қарасты үш білім мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары, барлық пән кабинеттеріне су жүргізіледі. Кәріз жүйесі және де желдеткіш жүйесі қалпына келтіріледі.

Жаңа оқу жылына бір жарым айдан уақыт қалды. Сондықтан білім ошақтарын техникалық жабдықпен қамту мәселесі өзекті тұр. Мамандардың есебі бойынша мыңнан астам мұғалімге компьютер қажет. Мәселені демеушілердің көмегімен шешпек ниетте. Ал кейбір ауылдарда әлі күнге интернет желісі жоқ. Ал онсыз қашықтықтан оқу мүмкін емес.

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: — Үкіметтің тапсырмасымен «Қазақтелеком» және тағы басқа да интернет таратушы компания өте тығыз жұмыс жасап жатыр. Біздің облысымызда 80-ге жақын ауылда интернет мүлдем болмаған. Ауылдағы интернеттің сапасын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Және 70-ке жуық ауылда 2G деген интернет бар. Бұл 2G қашықтан оқытуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан кем дегенде 3G, 4G интернеті қосылуы керек.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауылды жерлердегі 139 мектепте оқу қалыпты режимде өтпек. Бірақ санитарлық талап, қатаң сақталуы керек.

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: — Бастауыш сыныптың оқушыларын ата-аналардың өтініштері бойынша кезең-кезеңімен кезекші топтарды штаттық режимде оқытуды бастауға мүмкіндік болатын сияқты. Мұнда да ахуалға байланысты. Елдегі ахуал тұрақталып, жағдай жақсару керек. Және санитарлық талап қатаң сақталуы керек. Мектеп табалдырығын аттаған бала мектепті көрмей, мұғалімін көрмей, оқулықпен таныспай, білім алу әлеміне қалай кіреді? Сондықтан бұл бізге үлкен уайым болып отыр.

Өңірде бірінші сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдау басталды. Тек арнайы порталдың көмегімен, онлайн режимде. Сәтін салса, биыл 50 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайтын болады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Рауль Ғабитов, Самат Нағашбекұлы

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/410368-t-rkistan-oblysy-khal-yny-28-internetke-ol-zhetkize-almaj-otyr

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *