Жемқорлықпен күрес қызметі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалай жүзеге асыруда
Жемқорлықпен күрес қызметі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалай жүзеге асыруда
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құжат айналымы басқармасының басшысы Қуаныш Мырзағали ведомствода «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ашықтық, жеделдік және тиімді ден қою ұстанымдары арқылы халықпен кері байланысты қамтамасыз етеміз. Бұл бағыттағыжұмыстар жоспарлы, сараптамалық негізге ұйымдастырылатындығын атап өткен орынды. Біздің органның тиімді қызметін бағалаудың басты критерийі — халық сенімі«,- деді ол агенттіктің Facebook парақшасында өткен онлайн брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, агенттіктің орталық аппаратының және аумақтық департаменттерінің басшылары күн сайын ведомствоның порталында интернет конференция арқылы азаматтардан түсіп жатқан сауалдарға жауап береді. Бейінді бөлімшелердің жетекшілері әлеуметтік желіде де белсенді жұмыс істеп, азаматтардан келіп түскен сұрақтарға, пікірлерге жауап беріп отырады. Сонымен қатар ол еліміздің жемқорлыққа қарсы саясатын жан-жақты түсіндіреді.
«Азаматтарға құқықтық көмек көрсету үшін, сонымен қатар олардың құқықтық және жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру мақсатында онлайн форматта жұмыс істейтін «Адал көмек» атты жаңа волентерлік жоба іске қосылды. Бұл жұмысқа танымал адвокаттар, құқық танушылар мен заңгерлер жұмылдырылған. Осы жоба аясында 620 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 600-ден астам эфир болып, 7,5 мыңнан астам азамат құқықтық көмек алды»,- дейді басқарма басшысы.
Қуаныш Мырзағалидың дерегінше, еліміздің барлық өңірінде «Адалдық алаңы» атты жалпыұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл алаңы саналады. Бүгінде бұл жоба қызметімен 700-ден астам адам қамтылды. Еріктілер саны 75 мыңнан астам адамға жетіп отыр.