Түркістан облысында карантин ұзартылды
Түркістан облысында карантин ұзартылды
Шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін созылды. Өңірде бұқаралық іс-шара өткізуге, ойын-сауық орталықтарының қызметіне тыйым салынған
Түркістан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес өңірде карантин уақыты ұзартылды, деп хабарлады Sputnik.кз
«Түркістан облысы аумағындағы карантин мен шектеу шаралары коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын», — делінген қаулыда.
Өңірде бұқаралық іс-шара өткізуге, ойын-сауық орталықтарының қызметіне бұрынғыша тыйым салынған.
Азық-түлік және азық-түлік сатпайтын базарлардың қызметі жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін, демалыс (сенбі-жексенбі) және мереке күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін шектеледі.
Сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері қызметі жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін шектеледі (толтырылуы 30%-тен аспайды). Азық-түлік гипермаркеті, супермаркет, шағын маркет, үй жанындағы дүкендер сағат 09.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді.
Түркістан облысында оқушыларды аралас форматта оқытуға рұқсат берілген, сыныпта 25 оқушыдан артық болмауға тиіс.
Сондай-ақ, мектепте 300 бала бар ауыл және қала мектептерінде дәстүрлі форматта оқиды, бала саны 15-тен аспауға тиіс.
Қаулы 2021 жылдың 16 сәуірі сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді. Құжаттың толық мәтінін мына сілтеме арқылы оқуға болады.
Айта кетейік, Түркістан облысы, Шығыс Қазақстан және Қостанай облысы коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймақта тұр.
https://sputnik.kz/regions/20210415/16800620/Turkistan-oblysynda-karantin-uzartyldy.html