«Рахат» фабрикасының 500-ге тарта қызметкері вирус тасымалдаушы болған
«Рахат» фабрикасының 500-ге тарта қызметкері вирус тасымалдаушы болған
Алматы бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында «Рахат» фабрикасындағы ахуалға қатысты түсінік берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Мұның алдында «Рахат» фабрикасында коронавирус инфекциясы табылуына байланысты фабрика жұмысы тоқтатылғанын жазған болатынбыз.
«Рахат фабрикасында 30 мамыр мен 4 маусым аралығында 10 адамнан КВИ анықталған. Бірінші, фабриканың бір қызметкері жоспарлы операцияға түскен кезде одан вирус табылған.
Кейін зауытқа кіреберісте тұрған тепловизор арқылы тағы 8 адамның қызуы жоғары екені анықталды. Сол сәтте жедел жәрдем шақырылған.
Қызуы көтерілген жұмыскерлердің барлығында коронавирус инфекциясы бар екені анықталды», — деді ол.
Оның айтуынша, фабриканың 1500-ге жуық қызметкері тексерілген. Олардың ішінде 467 адамнан вирус табылды. Оларда симптом белгілері болмаған.
Олардың барлығы үй карантиніне жіберілді.