ЕЛБАСЫНЫҢ СЫНЫПТАСЫ ЕРЕКШЕ ЕСТЕЛІК ЖАЗДЫ

 ЕЛБАСЫНЫҢ СЫНЫПТАСЫ ЕРЕКШЕ ЕСТЕЛІК ЖАЗДЫ ,ДЕП ХАБАРЛАДЫ   7-su.kz

Атам Сыбанқұл Бекболат Әшекеев бастаған көтеріліске қатысып, қандықол жендеттерден жеңіліс тапқаннан кейін Алматыға бас сауғалап барыпты. Осылайша, жаппай жазалаудан аман қалып, кейіннен қала маңында жаңадан құрылған «Путь Ильича» ұжымшарына (қазіргі Көксай ауылы) жұмысқа орналасады. Ежелден келе жатқан халқымыздың дәстүрі бойынша жас отау иелері тұңғыш сәбилерін үлкен кісілерге бермеуші ме еді?! Осылайша, мені атам Сыбанқұл мен әжем Қадиша бауырларына басып, құжаттарымды өздеріне аударып алған көрінеді.

Осы жерде мектеп табалдырығын аттап, әліппені қолға алғаным есімде. Жоғары сыныпқа барғанымда қалада қазақ мектептерінің барлығы жабылып, жалғыз ғана ұлттық мектепке орналасу мүмкін болмай қалды. Осы тұста әскери полковник шенінде майданға қатысқан ағайымның отбасы мүшесі ретінде әскери коммисариат көмек жасап, қала маңындағы интернатқа орналастырған болатын. Сонымен жетінші сыныптан бастап Қаскелеңде оқи бастадым.

Сабақты тиянақты, жақсы оқыдым. Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы озат оқушы ретінде жолдамамен Мәскеуге барып, сол кездегі ортақ Отанымыздың жүрегі саналатын алып қаланың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алғанмын. Ол кезде оқушы үшін бұл үлкен жетістік екені айтпаса да түсінікті шығар. Күзде мектепке келгенде сыныбымыз Шамалған ауылынан келген бір топ оқушылармен толыққанын естідім. Солардың қатарында тәуелсіз Қазақстанымыздың болашақ Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бар болатын.

Нұрсұлтан алғашқы күннен-ақ ерекше жан екенін аңғартып үлгерді. Оның адамгершілігі, көпшілдігі, айналасына деген қамқор көңілі, ұйымдастырушылық қасиеті өте жоғары болатын. Сонымен қатар, Нұрсұлтан сабақты да өте жақсы оқыды. Ол келгенге дейін сыныптағы ең озат оқушы мен болсам, енді Нұрсұлтан алдыңғы қатардан көрінді. Және өз білгенін өзгелермен бөлісуге дайын тұратын. Үлгермей жүргендерге сабақты түсіндіріп, үнемі көмектесіп жүретінін сан көрдік. Осыған байланысты бір жайт жадымнан әлі күнге дейін кетер емес. Бұрын мектептерде «Үлгерім айнасы» деген көрсеткіш болушы еді ғой. Онда күн сайын қай оқушы қандай баға алғаны көрсетіліп тұратын. Бір жолы дайындығым нашар болып, «үш» деген баға алып қалдым. Соны Нұрсұлтанның көзі шалып қалып:

– Күләш, сен «үш» алып қалыпсың ғой, мынауың не?! – деп сұрамасы бар ма? Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым сол кезде.

– Сабақты жақсы түсіне алмай қалдым. Содан осылай болды, – дедім.

– Онда кел, мен саған түсіндіріп берейін! – деп отыра қалып, тақырыпты талдай жөнелгені есімде.

Бір ғана маған емес, жұрттың бәріне жәрдемдесіп жүретін. Оның ұйымдастырушылық қасиеті мектепте оқып жүргенде-ақ байқалды. Қандай шаруа болмасын құлшына кірісіп, шапшаң орындап тастаушы еді. Ол кезде мектептерде өткізілетін іс-шаралар бір таусылмаушы еді ғой. Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күні, Кеңес әскерінің құрылған күні сияқты мерекелер бір-біріне жалғасып келіп жататын. Нұрсұлтан соның қайнаған ортасынан табылатын қашанда. Мақтаған емес, бар нәрсені айту керек деп есептеймін.

Біз мектепті бітіретін жылы «Қазақстандық магнитка» деген шықты. Жастарды Теміртауға жұмысқа шақырған комсомолдық ұран тасталған болатын. Ол заманда алып құрылыстарға баруға ұмтылатын едік қой. Сол үрдіс бізді де бейжай қалдырмағаны анық. «Теміртаудың оттары» деген әнді жаттап алып, жабыла айтатынбыз. Мектептен кейін сонда барамыз деп уәделескеніміз де есімде. Алайда аттестатты қолға алғаннан кейін жан-жаққа тарап кете бардық. Оның үстіне ол кезде қазақ қыздары өз еркімен жүріп-тұруға қымсынатыны тағы бар.

Соңғы рет Райымбек ауылында тұратын Мұсағұл деген сыныптасымыздың туған күнінде жүздестік, білем. Содан кейін әркім өз жолымен кеткен.

Нұрсұлтанның ұшқыш болуды армандайтынын білетінбіз. Алайда оның оқуы Ресейде ғана болса керек. Баласын алыс аймаққа жіберуге қимаған әке мен ана: «Қарағым-ау, аспанда нең бар?! Жерде жүріп те күн көріп жүрміз ғой! Артыңдағы інілеріңе кім бас-көз болады?!» – деп рұқсат бермеген көрінеді. Болмағаннан кейін Ерғали Төлепбаев деген досымен бірге Теміртауға тартып кеткенін бір-ақ естідік.

Осыдан кейін біраз жылдар байланысымыз үзіліп қалған болатын. Айтпақшы, бір жылдары менің жолдасым Сағымбек Теміртауға жолы түсіп, Нұрсұлтанды іздеп барған екен. Жөн сұраған адамдары оның домна пешінің жанында екенін айтып, жол көрсетіп жібереді. «Алып ғимараттың іші адам төзгісіз ыстық екен, – дейтін ол сол жайды еске алғанда. – Болат темір балқып қайнап жатқан пештің жанында арнайы киіммен жүрген Нұрсұлтанды бірден танымадым. Қолындағы ұзын көсеумен балқыған отты көсеп қойып, жұмыс жасап жүр. Ол өзі мені көріп: «Тоса тұр, қазір шығамын!» – деп белгі берді. Шамалыдан кейін ауысымын өткізіп, босап шықты. Үйіне ертіп барып, елден келген маған арнайы дастарқан жайған еді. Сара екеуі қонақжайлықпен қарсы алып, тұңғыштары Дариғаны көрсеткені де сол кез болатын».

Нұрсұлтанның аты Теміртау металлургиялық комбинатында комсомол комитетінің хатшысы болған кезде елге таныла бастады. Біз де сыныптасымыздың жетістіктеріне қуанып жүрдік. Алпысыншы жылдардың басы болуы керек, Жастар одағының атынан Хельсинкиде өткен халықаралық фестивальден оралғанда Алматыға ат басын бұрған екен. Осындағы сыныптастар жиналып, кездесуге бардық. Үкімет үйінің алдында жолығып, арқа-жарқа қауышқан едік. Баяғыдай жарқырай амандасып, бәрімізді бауырына қысып, жақсы қарсы алды. «Хельсинкиден келе жатырмын. Үлкен жиын болды. Юрий Гагаринмен бірге жүріп, біраз дәмдес болдым. Айтатын әңгіме көп, әрине. Оны асықпай бір жолыққанда естірсіңдер!» – деді. Атүсті, асығыс жолыққаннан кейін кең отырып әңгімелесудің реті келмеген.

Мен институтты бітіргеннен кейін Сағымбек Күшекбаев деген осы елдің азаматына тұрмысқа шығып, Шамалған ауылына келіп қоныстандық. Алайда мұндағы мектепте орын болмай, Қарғалыдағы кешкі жұмысшылар мектебіне орналасқан едім. Сол жерде 12-13 жылдай еңбек еттім. Кейіннен 1979 жылы Шамалғандағы есту және сөйлеу қабілеттері кеміс балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа жұмысқа тұрып, 20 жылға жуық география мен биология пәнінен сабақ бердім.

Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жүріп тағы біраз жыл өте шығыпты. Бір күні мектеп директоры шақырып алып:

– Апай, ертең ауылға сіздің құрдасыңыз келеді екен! – дейді.
– Қай құрдасымды айтасың?
– Ең танымал құрдасыңыз кім еді?!
– А, Нұрсұлтан Әбішұлын айтасың ба?
– Иә, сол кісінің Жоғарғы кеңестің депутаттығына үміткер болып Қаскелең мен Жамбыл ауданына тіркелгенін естіген боларсыз? Осыған байланысты жиын өткізіледі. Сіз де қатыссаңыз дұрыс болар еді.

Кездесуге Мәскеуге іссапармен кетуіне байланысты Нұрсұлтанның өзі қатыса алмады. Облыс, аудан басшылары мен сенімді өкілдері Нұрекең туралы мәлімет беріп, жақсы лебіздерін жеткізіп жатты. Мен сөзге жазылмаған болатынмын. Дегенмен, өз пікірімді білдіргім келіп, қолымды көтеріп едім, көңілімді қайтармай мінберге шақырды. Сөзімнің басында «Біреулеріңіз әкесін, екіншілеріңіз анасын білуші едім деп жатырсыздар ғой. Ал мен Нұрсұлтанның өзімен бірге оқығанмын!» – дегенімде жиналған жұртшылық ду қол соққандары есімде. Біраз дүниелерді айтқан болуым керек. Нұрекеңнің өзім білетін жақсы қасиеттерін қалдырмай тізіп, халықтың қалаулысы болуға лайық екенін жеткіздім.

Жиналыс біткеннен кейін обкомның хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлына хабарласып: «Ауылда мектепте мұғалім болып еңбек ететін бір құрдасың бар екен. Өзің жайлы қатырып айтып, халықты бір көтеріп тастады!» – деген екен. Нұрекең болса:

– Мен білсем ол – Күләш болуы керек. Шамалғанда одан артық айтатын ешкім жоқ. Олай болса менің сенімді өкілім сол Күләш болсын! – депті.

Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі болып қыруар жұмыстарды атқардық. Қолға алған шаруаны бар ынта-шынтаммен, белсене атқаратын әдетіммен күндіз-түні шапқылап жұмыс жасадық. Ауылдарда өткізілетін жиындардан бастап, штабтағы қағаздарға дейін тап-тұйнақтай етіп жасайтынмын. Бір жолы Алматыға келіп, атқарылған жұмыстар жайлы Нұрекеңе есеп бердім. Риза болған ол: «Күләш, сенің жүрген-тұрғаныңа, мына қағаздарыңа ақша беріп жатыр ма?» – деп сұрап қояды. Ол кездері біз таза көңілмен жұмыс жасаушы едік қой.

Сайлаудың қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы 98 пайыз дауыспен депутат болып сайланып, еңбегіміздің нәтижесін көрген едік. Сол кездегі қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейіннен сайлау нәтижесі бойынша Нұрекеңмен жолыққанымда алғысын білдіріп тұрып:

– Күләш, менен не көмек қажет? – деген болатын. Сол заман адамдарының қарапайымдығы шығар, аяққа тартсаң, басқа жетпей жататын қарапайым тірлік кешіп жүрсек те, ештеңе дәметпедім. Тек, географ ретінде ел мен жер көрсем деген ниетпен:

– Жапон еліне жолдама тауып бере аласың ба? – деппін.

Ол көмекшісіне тапсырма берді. Кейіннен Жапонияға жолдама болмай, жұбайымыз екеуміз Италияға сапарлап қайттық. Бүгіндері, немерем Алматыдағы оқуына Шамалғаннан қоғамдық көлікпен күнде қатынап, жол азабын тартып жүргенін көргенде Нұрекеңнен бір пәтер неге сұрамадым екен деп пенделік жасайтынымды несіне жасырайын?!

Анабір жылдары Елбасының туған ауылына туыстас өзбек және қырғыз ағайындар келіп, Шамалғанды аралағаны бар. Сол жолы олар: «Япырай, Нұрсұлтан Әбішұлының туған жерінде бір мұражай салып қойса болғандай екен», – деген тілектерін қоса білдірген. Соны ойластыра келіп, Шамалғанда Елбасына арналған мұражай тұрғызу мәселесін көтердім. Аудан, облыс басшылығы тарапынан бұл ұсынысым қолдау тапты. Амандық Ғаббасұлы өзі бас болып, осы ғимаратты салуға атсалысты. Оған қажетті жерді бөлу, құрылысқа қажетті қаржыны табу рет-ретімен шешіліп, аз уақыт аралығында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы бой көтерді. Бүгінде бұл мәдени мекеме өз елімізбен қатар шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандарға мақтана көрсететін киелі орынға айналған.

Иә, қарап отырсақ, біз де сексеннің сеңгіріне көтерілген екенбіз. Алайда Нұрекең, Нұрсұлтан Әбішұлы, әлі де мемлекет ісіне белсене араласып, еліміздің өркендеуі жолында қажырлы еңбегін жалғастырып келеді. Ендеше, сыныптас достары атынан оған ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, алдағы уақытта да абырой асқарынан көріне беруіне тілектестігімді білдіремін!

Күләш ӘМІРОВА,

ардагер-ұстаз

Қарасай ауданы

Алматы облысы

Сурет — ғаламтордан

https://7-su.kz/news/cat-20/7738/

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *