ТҮРКІСТАН: Облыстық криминалдық полиция қызметкерлері браконьерлікке қатысы бар деген күдікпен 10 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады
Түркістан облысының криминалдық полиция қызметкерлері браконьерлікке қатысы бар деген күдікпен 10 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінде БАҚ-ның өкілдерімен брифинг өткізілді. Онда департамент бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов бірнеше жылдар бойы Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулап жүрген қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлады.
суреттер әлеуметтік желіден алынды
Полиция подполковнигі Қ.Сахов өз хабарламасында: «Ағымдағы жылдың сәуір айының басында Түркістан облысы Полиция департаментіне белгісіз тұлғалар Шардара су қоймасы аумағында заңсыз балық аулаумен айналысатыны туралы арыз келіп түскен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Департаментте бірден осы белгісіз адамдарды анықтап және ұстауға бағытталған арнайы жедел тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері заңсыз балық аулаумен айналысқан қылмыстық топтың ізіне түсті. Бұл әрине, полицияның бір күндік жұмысының нәтижесі емес. Жедел уәкілдер күдіктілерді ұстау үшін екі ай бойы дәлелдемелер жинақтады. Қылмыстық кәсіпке күдікті барлық қатысушылардың байланыстары зерттеді. Нәтижесінде, маусым айының басында полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады, оның 3-і әйел. Олардың барлығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 20-дан 53 жасқа дейінгі тұрғындары болып шықты. Айғақты зат ретінде балық аулау құралдары (Электр құралжабдықтары, желілер, металл ілмектер), 13 моторлы және резеңке қайықтар, 12 калибрлі 389 оқтары, бір жарым тоннадан астам балғын балық және 425 килограмм ысталған балық алынды. Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 8 000 000-нан астам теңгені құрады. Күдікті ретінде 3 адам қамауға алынып, 7 адам «ешқайда кетпеу туралы қолхатта». Бұл қылмыстық топ бірнеше жыл бойы Шардара су қоймасында балық аулаумен айналысып жүргені белгілі болды.
Полиция қызметкерлері браконьерлердің ұйымдасып әрекет еткенін жоққа шығармайды. Қылмыстық топтың қатысушыларының барлығы өздеріне белгіленген әрекеттерді жасаған: балықшылар заңсыз балық аулап, содан сатып алушыларға өткізген. Өз кезегінде олар балықтарды Шымкент қаласының базарларында сатқан. Сондай-ақ, балық сатып алушылар, балықшыларға материалдық көмек беріп отырған. Күдіктілердің арасында екі отбасы бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда»-деп журналистерге күдіктілерді ұстауда атқарылған қызметтер мен қылмыстық топ жайлы мәлімет берді.
Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі.