ШЫМКЕНТТІК ЖУРНАЛИСТЕР МАҚТААРАЛДЫҚ БАЛАЛАРҒА ТЕЛЕДИДАР СЫЙЛАДЫ
ШЫМКЕНТТІК ЖУРНАЛИСТЕР МАҚТААРАЛДЫҚ БАЛАЛАРҒА ТЕЛЕДИДАР СЫЙЛАДЫ
ҚР Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр бастаған бір топ журналистер бүгін арнайы Мақтаарал ауданына барды. Құр барған жоқ қашықтықтықтан білім алып жатқан балаларға теледидар арқалап барды. Ауыл балаларына деп алған 5 мың дана балмұздағы тағы бар. Оған қоса көп балалы аналарға қаржылай да қолдау білдірді. С.Жанәбіл, Ғ.Зиябек, Ә.Әссанди, Б.Тайжан, Е.Әмірбек, Б.Түйетаев, А.Сүлеева, Қ.Ботабеков, Т.Фазылбек, Д.Әбдіраманов, Т.Балтабев сынды қаламы қарымды журналистер арнайы барып, қиналған жұрттың жағдайын білді. Журналистер қауымы ұйытқы болған игі шараға белгілі меценат Б.Әшіров атсалысты.
ҚР Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы «ONTUSTIK» телеарнасының директоры Уәли Сағындықұлы жұртты сабырға шақырып, түрлі арандатушылықтардан аулақ болуға шақырды. Оған қоса тосынан келген апатқа қарсы ел болып күресіп жатқанын айтып, Қазақстанның төрт бұрышынан Мақтааралдықтарға қолдау болып жатқанын жеткізді. Елдіктің жағдайы сынға түскен сағатта бірлікте болуды айтты.
Еске сала кетейік Өзбекстанның Сардоба су қоймасын бұзып аққан су Мақтаарал ауданының 5 ауылындағы 1033 үйді басып қалды. Оның 989 тұруға жарамсыз болып қалған. Атап айтқанда Жеңіс, Өргебас, Достық, Жаңатұрмыс және Фердауси ауылдары су астында қалды. Аудандағы 7639 гектар егіндікті қызыл су басты.
Елдің еңсе тіктеуіне жұрт қолдан келген көмегін жасауда. Бүгінде Мырзакенттен шыға берісте 505 үй салынып жатыр. Ол жерге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық ауылының тұрғындары көшірілмек.
Ауыл балаларын сауықтыру мақсатында Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен Жеңіс, Нұрлы жол, Жантақсай, Жаңа тұрмыс, Өргебас, Фердауси ауылдарының дәрігерлік есепте тұрған және көпбалалы отбасыдан шыққан 152 оқушысы «Сарыағаш» емдік сауықтыру шипажайына демалысқа аттанды. Олар сонда 14 күн дем алып, сабағын оқиды. Қосымша 47 қария Біркөлік сауықтыру орталығына демалысқа жіберілген. Бұл игілікті іске Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы ұйытқы болып отыр.
Үйлері су астында қалған ауыл тұрғындары қашан да игі істің алдында жүретін журналистердің қайрымдылығына ризалығын білдіріп, алғыстарын айтты.