ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕНДЕР : ҰОС ардагері Ерсұлтан-қажы Аманбайұлы жайлы мәліметтер жарияланды
ҰОС ардагері Ерсұлтан-қажы Аманбайұлы жайлы мәліметтер жарияланды
Ұлы Отан соғысының ардагері Ерсұлтан-қажы Аманбайұлы жайлы мәліметтер жарияланды, деп хабарлады Елорда Инфо.
Ерсұлтан Аманбайұлы 1919 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Шәуілдір (қазіргі Отырар) ауданында дүниеге келген.
1930-1936 жылдары Кеңес бастауыш және Жамбыл атындағы 7-жылдық мектептерін бітірген.
1936 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер училищесіне түсіп, 1939 жылы бітірген.
1939 жылы Қызылорда қаласынан Қызыл әскер катарына шақырылған.
1939-1941 жыл аралығында мамыр айына дейін Забайкал әскери округінде борышын, атқарған.
1941 жылы мамыр айында Батыс Украинаға жіберілген. Сол жылдың 24 маусымында майданда болып жаумен шайқасқан. Острого, Житомир, Киев, Полтава және Харьков қалаларында карсыласпен аянбай соғысып, 1942 жылдың қаңтарында Харьков пен Курский қалаларының ортасындағы Уразова станциясында ауыр жарақат алып Әзербайжан ССР-ға қарасты Канлар қаласындағы әскери госпитальға түскен. Әскери комиссияның қорытындысымен әскер қатарына жарамсыз деп танылып, 1942 жылы мамыр айында еліне қайтарылған.
1943 жылы аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен Отырар орташа мектебінде әскери пәнінен, сабақ беруге мұғалім болып тағайындалған.
1944 жылы Алматы қаласындағы НКВД мектебіне түсіп, 1945 жылы бітірген.
1945-1961 жылдары Ильич қазіргі Жетісай, Мақтарал және Сарыағаш аудандарында милиция қызметінің аға жедел қызметкері болып қызметін атқарған.
1961-1975 жылдары Созақ жене Алғабас қазіргі Бәйдібек аудандарында Ішкі істер бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 1975 жылы барлық қызметін аяқтап құрметті зейнетке шыққан.
Мемлекетіміздің 22 рет орден-медальдарымен наградталған. Ішкі істер министрлігінде СССР-дің бұйрығымен Алтын «Отличник милиции» төс белгісімен, артына аты жазылған қол сағатымен және бірнеше рет бағалы сыйлықтарымен марапатталса, облыстық Ішкі істер бастығының бұйрығымен құрмет мақтау қағазымен, аты жазылған алтын сағатымен және ақшалай сыйлықтармен бірнеше марапатқа ие болған.
Милиция полковнигі Аманбайұлы Ерсұлтан-қажы Отырар ауданының құрметті азаматы.
Аманбайұлы Ерсұлтан-қажының жолын бүгінгі таңда балалары Серік‚ Берік және немересі Данияр жалғастырып келеді.
Ерсұлтан ағамыз, елінің елеулі, халқына қалаулы атанған асыл азамат еді. Мінезге бай, кісілігінен іскерлігі басым, бала мінезді, ақ-көңіл, көргені мен өргені көп ел ағасы болды. Ерсұлтан-қажы табиғатынан үлкенге құрмет, кішіге ізетін көрсетіп, ақылшы аға бола білді.
Артында 9 баласы‚ 28 немере, 31 шөбере және 3 шөпшек қалды.