ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА МАМЫР АЙЫНДА 120 ПӘТЕР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛЕДІ
Бүгінде Түркістан облысы Түлкібас ауданында үй кезегінде тұрған тұрғындарды баспанамен қамту ісі жыл санап жанданып келеді. Соның айғағы ретінде ауданда алдағы мамыр айының аяғында 120 пәтерлі көпбатты 3 тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Аталған үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылына қарасты Бағыспаев пен Пушкин көшелерінің қиылысында бой көтеруде.
Қазіргі таңда 2019 жылдан өтпелі болып іске асқан 7346 шаршы метрді құрайтын көпқабатты 3 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Дәл қазіргі уақытта аталған үйлерді газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінде 64 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінгі таңда жұмыстардың 40 пайызы іске асқан.
Айта кетерлігі, өткен жылы аудан әкімдігі тарапынан 21 көпқабатты үй құрылысына құжаттар толық дайындалып, қаржы қарастыру мақсатында облыстық тиісті басқармаға ұсынылған. Егер бұл ұсыным қолдау тапқан жағдайда биыл Састөбе кентінен көпқабатты 4 үй, Бақыбек мөлтек ауданынан 7 үй, Түлкібас кентінен 10 үй бой көтеретін болады.
Айта кетейік, бүгінде Түлкібас ауданында 112 мыңнан астам халық тұрады. Соның 2066-сы үй кезегінде тұр. Сол азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында аудан аумағында көпқабатты тұрғын үй құрылысы кезең-кезіңімен жоспарлы түрде жүзеге асуда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі