Шымкентте қауіпті індетке шалдыққан 16 адам — төтенше жағдай қызметкерлері
Шымкентте қауіпті індетке шалдыққан 16 адам — төтенше жағдай қызметкерлері
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 16 төтенше жағдай қызметкері коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Instagram парақшасында жария етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Өкінішке қарай, барлық қабылданған шараларға қарамастан, КВИ диагнозы расталған шымкенттіктердің саны артып келеді. 21 сәуір сағат 12:30-дағы жағдай бойынша қаламызда аталған індетті жұқтырғандар саны 103 адамға жетті. Белгілі болғаны, кеше анықталған 23 науқастың 16-сы — төтенше жағдай қызметінің өкілі. Науқастармен байланыста болған адамдардың барлығы анықталып, карантинге жатқызылды. Бұл дегеніміз — вирусты инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары топқа дәрігерлер, полицейлер мен әскери қызметкерлерден бөлек құтқарушылар да еніп отырғанын көрсетеді. Соған қарамастан қаланың барлық өрт сөндіру бөлімдері, соның ішінде 101 және 112 қызметіндегілер штаттық режимде жұмыс істеуде» делінген хабарламада.
Қала әкімі сондай-ақ, тұрғындарды аса қажеттілік болмаса үйлерінен орынсыз шықпауға шақырған.
«Себебі, вирустың тасымалдаушысы немесе індетті жұқтырған науқаспен байланыста болған адаммен бетпе-бет кездесіп немесе кездеспегеніңізді бүгін болжау мүмкін емес. Өз туыстарыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығы үшін өзін-өзі оқшаулаудың қатаң режимін сақтаңыз. Өзіңізге қымбат жандардың өмірін қауіпке тікпеңіз» делінген әкімнің парақшасында.