Президенттік қолдау: Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық дәрігер жалақысына үстемеақы алды
Президенттік қолдау: Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық дәрігер жалақысына үстемеақы алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Нұр-Сұлтанда 2 мыңға жуық медицина қызметкері жалақысына үстемеақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Басқарма таратқан ақпаратқа қарағанда, төлемнің жалпы сомасы 646 млн.теңгені құрады.
Қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, Нұр-Сұлтанда 1893 медицина қызметкері еңбекақыларына үстемеақы алды. Төлемнің жалпы сомасы 646 млн.теңгені құрады және ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінді.
«Үстемеақы жұмыс істеген уақытына сәйкес есептеледі. Біз 10 сәуірде наурыз айының жұмыс сағаттары бойынша төлем жасадық. Бірінші топта – 400 медицина қызметкері, екінші топта – 950 дәрігер, үшінші топ бойынша – 543 адам алды», – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында эпидемияға қарсы шараларға қатысқан медициналық қызметкерлердің жалақысына ай сайын үстемеақы тағайындау туралы шешімді бекітті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында эпидемияға қарсы шараларға қатысып жатқан медицина қызметкерлеріне қаржы бөлумен айналысатын арнайы комиссия құрылды.
«Қауіптілігі аса жоғары жұмыстағы қызметкерлер үшін үстемеақы көлемі 20 ЕТЖМ (850 мың теңгеге дейін), қауіптілігі жоғары санаттағыларға 10 ЕТЖМ (425 мың теңге), ал қауіптілігі орташа санаттағы медицина қызметкерлеріне 5 ЕТЖМ (212 мың теңге) құрады», – деді «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кəсіподағының төрағасы Руслан Сатыпалдиев.