ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӘСКЕРИЛЕР ЖАСАҒЫНА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚОСЫЛДЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӘСКЕРИЛЕР ЖАСАҒЫНА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы ерікті сарбаздар қатарында сапқа тұрды. Төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында аумақтық әскер жасақталды. Негізгі мақсат — халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау және қамтамасыз ету. Әскери жасақ қатарына ең үздіктер таңдалды. Олар бұрынғы десантшылар, мотоатқышлар, жауынгерлік және саяси дайықтық үздіктері. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сын-сағатта арнайы жиынға шақырылған азаматтарға сәттілік тіледі.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылды. Осындай қиын-қыстау кезеңде елмен бірге болуға ерікті түрде ниет білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Баршаңызға сәттілік тілеймін»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Президент бастамасын қолдап, ерікті түрде сапқа тұрғысы келетін түркістандықтардың қарасы қалың. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, өңірде еліміздің Қарулы Күштерінің аумақтық әскерін жасақтауға 230 азамат шақырылған. Оның ішінде облыс орталығы Түркістан қаласындағы 50 сарбаздан тұратын әскерилер жасағын қала әкімі Рашид Аюпов басқарады.
Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыртуды жаппай мобилизациямен шатастырмау керек. Бұл жыл сайын өтіп тұратын шара. Барлық үміткерлер арнайы медициналық комиссия сараптамасынан өткен. Карантин режимін қамтамасыз ету шаралары аясында Қарулы Күштердің жасақталған запастағы сарбаздары көшелерде жаяу патрульдеуге және облысты айнала қоршай қойылған блокбекеттерде қызмет атқарып, залалсыздандыру жұмыстарына қатысады.
Арнайы жасақталған сарбаздар бүгіннен бастап іске кірісті. Олар қажетті киім мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысы бар еріктілердің лауызымы мен айлық жалақысы сақталады. Жұмыс істемейтіндеріне мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден төленеді. Төтенше жағдай кезінде әр салада жауапты қызметте жүргендер және 18 жасқа дейінгі 3 баласы барлар, денсаулығы жарамайтындар шақырылмайды. Арнаулы жиынға шақыртылған әскерилер тұрақты елді мекеніне қызмет жасайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі