Майлықожа ақынның үш жүздің датқалары туралы айтқаны
Майлықожа ақынның үш жүздің датқалары туралы айтқаны
Майлықожа Сұлтанқожаұлы
Бұл толғау Түлкібас, Шақпақ, Масат маңында айтылған болуы керек. Аталған адам аттары сол маңдағы ел ағаларына көбірек мән береді.
Шінеттен туған Рысбек,
Таласпен жаудан ат алған.
Кенже атың туыс деп,
Айқасып аты аталған.
Батырбек атпен сайланып,
Бағы асып озған қатардан.
Мұсабек датқа уақтында,
Датқа мал алған Қоқаннан.
Ауқым-ауқым қазақтан
Бес-он датқа аталған.
Қара Пошан Сіргелі,
Есенгелді Рамадан,
Мырзагелді Шанышқылы,
Молда Қошық Дарханнан.
Көңілінде хандай бар,
Қаһарынан қан тамған,
Көтеншіде Қонысбек,
Осылай дейді-ау байқаған.
Әруақты ер еді,
Теңіздерді шайқаған.
Шөмелек би, Сапақ би,
Сыпатай батыр, Байзақ би,
Бәрі де кетті тасадан.
Көшіктен шыққан ағамыз,
Озған адам Тұрлыбек,
Қоқан мен Бұхар, Арқадан.
Қасымбек, Ыса деуші едім,
Артық боп туған атадан.
Келмеске кетті нелерім,
Көріскім келед қайтадан.
Ашынды туған Мұсасың,
Әр қандай айтсам сыясың,
Өткендерді санамақ,
Сүймекке берген рәсім.
Келмеске кеткен қатардан,
Ысаның аман келгені-ай,
Қазырғы өткен дүниеден
Қасымбектің өлгені-ай.
Көреді екен дүниеде,
Билік еткен бендені-ай.
Лашын сыпат Ысаны,
Сағынып көрді көзіміз,
Қасымбектен ажырап,
Қапалы жылап өзіміз.
Барар жолдың киімі,
Бастағы сәлде бөзіміз.
Кетті ғой сұлтан Ахмет те,
Бәрі де кетті ақыретке,
Амандық жер бар ма екен,
Жаһан кезіп келдіңіз.
Айналдырған Сиқымнан
Осынша жаулық неңді алды.
Қасымбек кетті дүниеден,
Бұл дүние саған кең қалды.
Шымкент шаһар шетінде,
Қазығұрт таудың бетінде,
Ыса датқа келгені.
Жуалыда Батырбек
Келмеген жауы қасына,
«Арыстан онда жатыр» деп.
Арғы атасын сұрасаң,
Ырысбек, Шінет – асыл тек.