«Абай» телехикаясындағы кешірілмейтін кемшіліктер жүр

«Абай» телехикаясындағы кешірілмейтін кемшіліктер жүр

madeniportal.kz

Кино түсіріліп жатқаны алты алашқа мәшһүр етіліп, ауық-ауық жарнамаланған «Абай» фильмін көріп отырмыз. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы көкіректе жатталған соң қойылымды көру басқаға қайдам, әдебиетшілер қауымына қиындау болған болар. Киносценарийде монтаж, жинақтау болады ғой әрине. 4 кітапты бір киноға сіңіру мүмкін емесін түсінеміз. Ол қажет те емес. Кинаға Абайдың қай өмір кезеңін алса да, сюжеттік тұтастық, идеялық мазмұн, мәнмен жұп-жұмыр ету міндет. Телехикая басталғаннан сюжетте уақыт пен кеңістік егіздігі, ретраспекция барлығы байқалып қалды. Оқиға желісі ширатылып, кейіпкер сұлбасы көрінбей жатып, «Абайымыздың» сөзін тосырқадық. Абайдың аузынан шығатын сөзге байыппен қарамаса бола ма?! Ділда мен Абайдың диалогінен бүгінгі шалдуар, қызғаншақ ерлі-зайыптының кейпі көрінап қалды. Салтанатпен жолыққанын естіген Ділданың шаптығуы, оған Абай басымен үнсіз қалып, шарасыз үйден шығып кетуі арқылы кино авторлары қандай мақсат көздеді екен деген сұрақ туады. «Аздыңыз-ау, Абай» деген кейіс романда Әйгерім аузынан шығатын еді. Неліктен Ділданы нысанаға алды? Кейіпкер образын толықтыру, тұтастыру болса құп дер едік. Бірақ айқын образда шыққан Ділда көрінбеді. Ең болмағанда жас Абайдың сағынып жеткендегі үйімен амандасуын жөнімен келтіргенде… Біткен іске сыншы көп десек те, қайран аға буынның өрелі сөзі мен танымын жоқтайсың. М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтей классика болса деген тілек, жоқты іздеткендей еміне түсіп, емексисің.  Қазақ ділі, салт-санасы сіңбеген соң, шалағай дүниелер тағы қай жерінен шолтаң ете түседі деп қорғалақтап отырасың…

Әдетте киноның бағын жандырып, бағасын асыратын негізгі тұлға – кинокейіпкер: актер, актрисалар. Бір ғана Қожа рөлі талай баланың қиялына қанат бітіріп, тіліне мәтел болғаны, «Қан мен тер» фильміндегі Еламан, Қален рөлдері тұтас бір кезеңнің мұны мен зарын, тұтас картинасын көз алдыға әкелгені кешегі күннің ғана емес, бүгінгі күннің де көз қуанышы. Көкейде жатталған талай көркем туындылар: «Қыз Жібек», «Алдар көсе», «Көксерек», «Салтанат», «Алпамыс мектепке барады», «Шаңырақ» т.т.  жетерлік. Тіпті күні кешегі «Құнанбай», «Тракторшының махаббаты» киноларының да идеялық мазмұн тұтастығы бар, көрерменге айтары бар дүниелер екенін біраз жұрт мойындады. Қазақ киносында таланттар көп, тек бұлақ көзін ашып, жол сілтейтін Шәкен ағалар, Сұлтан ағалар жетпейтін сияқтанады.

Кинода көзге ұрып көрініп тұрған олақтық: біріншіден, актерлер құрамын таңдауда біраз кемшілік орын алғандығы. Абайға қатысты киноға қалай жеңіл қарауға болады?! Қай кейіпкер болсын көрермен көзінде бәрі дардай. Абайдың айналасындағылардың қайсын болсын жеткізе ойнамау күнә. Мұндайда кастинг жасау әрі әділетпен таңдап алу, ағайыншылық жасамау маңызды. Кезінде «Қыз-Жібек» фильмі актерлерді профиліне қарай таңдалуымен ғана емес, оларды ойнау шеберлігіне баулып, үздік етіп даярлауда да озық болғанымен қауымға мәлім. Тек Жібектің нөкерлерін таңдаудың өзі айларға созылған. Ал Абай кинасы ойланбай, асығыс түсірілетін дүние емес. Науқан өтеді, кино тарихта қалады. Мәдениет ошағында жағып отыр дейтін тұлғаларымыз неге шалағай тірлікке үйір?! Кейіпкерлердің образы көңілдерде романнан сомдалған. Алайда Тоғжанның толықша балғын білегі, дөңгелек жүзі — портреті, образы қайда? Ділданың кесек даусы мен ақсұр жүзі, биік қабағы… Шүкімәннің жіңішке қасы, сызылта салған әні, портреті, Абайды ынтықтырған кейпі қайда? Әдемі су жаңа көйлек киіп жапа жасап отырып музыканың сүймелімен ән салуы қалай?! Қазақ ауылында кешкі әуен, домбыра үні естілмеуші ме еді… Жұмбақ кеш, көрген түс қайда? Мағышты таңдағанда да романдағы образға зер салмаған. Мағрипа Махмұтқызы ноғайдан екені романда ашып айтылған. Оның рөліне таңдалғанатын қыздың да түр-тұрпаты сәйкесуі керек еді.

Бала Абайдың образына да  толықтырып жөн сілтейтін режиссерді керек-ақ. Абайдың үш түрлі өмір кезеңін сомдаушы Абайлардың да іс-әрекеті мен мінез қалпына сын бар. Бала Абайдың әрекеті тым шалт, бала күнінен Абай атандырған көзқарас жоқ (аузына ойлы сөз салғанымен, көкіректен шығып ойнамаған сөң көрерменге жетпейді-ау), жас Абайда абайлы сөз жетімсіз. Әке сынына атып тұрып ұмтылу Абайдай тұлғаның емес, сол тұстағы әке алдындағы кез-келген тәрбиелі жастың бірде бірі жасамайтын қылық. Жалпы дәл осы үзінді М.Әуезовтің роман-эпопеяны кеңестік цензурадан өткізуі үшін таптық көзқарасты әдейі қосқан амалы еді. Дәл бүгінгі кезеңде Абайды дұрыс танып түсінетін уақыт жетті. Құнанбайды ескілік көзі, Абайды жаңа тап өкілі деген ескі танымнан арылатын уақыт жеткен болар, оған дерек те, дәйек те жетерлік осы күнде.

Құнанбайдың рөлін ойнауда актерімізде сенімді қалып бар. Әйтсе де, ат жақты келген, ұзын сопақ, қаз жұмыртқасындай басы, бет бейнесін бір өңірдей көрсететін ұзын сақалы, тесіле сыздана қарайтын томпақша сау көзі, суық жүзі көрінбейді. Актерді жасандырып, көзіне келген  тұста «грим жетпеген бе?» деген сөз келеді көмейге. Құнанбай ерекшеленбей, көп шапандының бірі болып шыққан.

Зере рөліндегі актрисаның дауысы, сөйлеу мәнері, ойнауы жақсы шыққан, Ұлжан рөліндегі актрисаның да ізденісі бар, тек кейбір түсірілу жағындағы кем-кетігі режиссерден кеткен десек болар. Ал Б.Әбділмановқа келсек, қазақ киносының көбінде танылып жүрген жақсы актер. Басқа рөлде үздік болар. Бірақ бұл кинода кейіпкерін терең зерделемеген сияқты. Бастан-аяқ бір кейіп: Абайдың жылы қабағы, нұрлы жүзі жоқ. Актер ме, режиссер ме Абайға қатысты естеліктерді зерделемеген болу керек. Мағауия, Тұрағұлдар мен Мәкен, Уәсила апаларымыздың айтуында жылт еткен жақсылыққа жасап жадырайтын, мейірлене күлетін Абай көрінбейді. Әсіресе балаларымен отырған тұстарын мүлт жібермеу керек еді. Өмірдің қилы сәтіндегі образы шықпаған: бет құбылысында, ішкі толқынысты беруде біржақтылық басым. Тоғышар, суық көз, салқын жүз, кекесін кейіп көбірек көрінеді. Кей тұсында «адамның үздік мүшесі көзінде» көрінетін ой, толғаныс, «тарылды көкірек, қысылды жүрек» дейтін торығу сәттері, тереңдігі жетпейді. Әйгерім мен Ділданың рөлі жұтаң. Әсіресе Әйгерім рөліне актриса сәтсіз таңдалған, профиль келіспеген әрі ойнай да алмаған, сөз жасанды, әрекеті сенімсіз, кей тұсы тіпті ретсіз. Базаралы образы ше?… Нұрғаным үстінен құс ұшырмай, дастарханына кісі үстінен аяқ сабылтпай ерек күтетін қонағы…. Сұлу жүзді, кең иықты, ірі денелі бидай өңді дейтін сипат қайда?! Әлде қазіргі қазақта ер тұрпатты жан жоқ па?

Келесі кемшілік сюжеттік желіге, идеялық мазмұнынға қатысты

Киноға көп сахнаны сыйғызамыз дегеннен туған ба, сюжетте тұтас арқау анық емес, сол арқауға шабақталған шағын мотивтер дұрыс таңдалмағандай көрінеді. Кей эпизодтар шығарманың идеялық мазмұнын толықтыруға қызмет ете қоймайды.  Жалпы кітапты оқып қана қайсы қайдан алынған деп жорамал жасап отырмыз. Ал басқа көрермен қайтпек? Бас-аяғы тұтаспаған сюжеттен не түсінбек?! Абайдың тізе бүкпестен жүре сөйлеп дау шешетіні қалай? Осындайда би-шешендер дәсүрінің қысқа фрагменті қажет-ақ еді. Сахнаны Салтанатпен кездескен Семейдегі соттан бастаған. Одан кейін аяқасты ұзатылып кеткен Тоғжан ауылына тап болады. Оқиғалар тым фрагментальді, көрерменге түсініксіз. Көрермен Абайдың айналасындағы қыздардан жаңылып отырған болар.  Бір сәт Абай арбаға таңылған Бөжейге амандасқан болады. Бір оқиғаның басы, дамуы, шиеленісі жоқ. Енді бірде Абай жастардың ортасында құс сала шығады. Абайдың қансонарын көрсетіп, жастар ортасындағы тәліммінен хабар беру ниеттен шығар деп түйдік. Әйтсе де, ес жиып, көрермен көңіл қоярлық байып, эстетикалық ләззат аларлық көркем көрініс жоқ, тым қысқа, асығыс. Жалпы осындай шағын дубльдер негізгі мазмұнға қабысып, жымдасып кетіп жатқан жоқ, тұтастық жоқ. Мозайка. Қай дубльді көрсең де ауыл үйдің жас-кәрісі лепіл қағып, елеңдеп жүргені. Кинода негізгі кейіпкерлер ғана емес, массовканың да әр қадамы мен қимылы жіті ойластырылу керек.  Көбінің қимылы ебедейсіз, ретсіз сабылыс… Бір дубльде Алшынбай мен Құнанбай куықтай үстелдің жанында қоқиып құдалық сөйлесіп отыр. Сыбай-салтаң барып жасырын құдаласушы ма еді қазақ? Құнанбайдың қауымы, жұрты, Ашынбайдың үлпек бас байлығы, кең дастарханы қайда? Шымылдықта Ділда отыр Абайға жымың қағып. Әке-шеше құдалық сөйлеспей жатып шымылдықта жігітпен қалың ойнай ма?! Режиссердің «тапқырлығы» ма, сценарийстің «озық ойы» ма? Неге алдын ала ұрын келгендей сахна жасаған? Хәкімнің өзі айтқан «қалың бермей жатып, жыртысын салу» деген осы… Бір мезет қаралы көш көрінісі шығады: қаралы көштің нышаны қайда? Қаралы көшті өзгеден ерекшелеп тұратын тұл ат, тұл қатын, үйі салынған түйеге ілінетін қара жамылғы болмаушы ма еді?! Шұбалған шеруде еркектер бір-бір сандық, кереге уық көтеріп алғаны қалай? Қазақ даласындағы әр көштің жетер межесі кемі 30 бен 100 шақырымға жуық. Сонда жүкті қолдарына көтеріп тасыған ба? «Көш көлікті болсын!» деген тілек неге айтылушы еді, мәнісін түсінбегеніміз бе?! 70 жылда көштің жайын ұмытсақ, жылда көш тұрмысынан жарыс жасайтын Баянөлкенің қазақтарынан кеңес алса етті. «Түйеде қом, атта жал Қалмады елге тығынбап» дейтін Хәкім сөзінен сол уақыттағы көш қана емес, «пысықтардың» параны «ұлық» елге тонналап тасығанының емеуріні тұрған жоқ па?! Ал Абайдың балары ортасындағы диалогінен әсіресе Әбіштің айтқан сөзінен ревалюцияның исі шығады. Әлі сол орысты ұлық көру сипаты неге керек? Орыс ұлықтары шетінен «ойшыл, дана» болып шығыпты… ұлттық, мемлекеттік идеялогия бүгінгі киноға керек болмаған-ау. Жалпы кино өнер туындысы ғана емес, ұлттық діл мен ұлтжандылықты сыналап сіңіретін идеялогиялық құрал екені жасырын емес. Әр елдің ұлтық өнерінде ұлттық мүддесі көзделмесе, тарихи тақырыпқа барып, Абайдай тұлға өмірінен несіне кино түсіреміз деген ой туады.

 

Киноның этнографиялық фоны, ұлттық танымдық мәніне де айтар сөз бар

Жалпы бұл тұста қазақ қалпын, ұлттық мінезін беруде жетістіктер байқалады. Оспанның қазасын естірту сахнасы сәтті шыққан! Абай күйзелісі нанымды шыққан!!!  Оразбай мен Уақ руының ақсақалы арасындағы дау кесімі сәтті десек болады. Әсіресе Абайдың ақсақал мүшелін санап, көнерген іске көсеуді әріден салуы, ақсақалдың уақыт кезеңі оқиғалармен қатыстыра еске алуы ұтымды. Ал енелердің ортасындағы Мағыштың сықсың жыласы дәл бүгінгі келіндерден көшірілгендей екен. Романда Мағыштың аузынан шықпаған сөз бен қылықты салу арқылы кейіпкерді көркемдемегені мәлім. Жалпы романда жоқ эпизодты қосуға бұлтартпас шарт, аса үлкен қажеттілік керек. Әбіштің қазасын естірту… Қозы Көрпештегі естіртуді естігенде еріксіз күліп жіберіппін. Шіркін-ау, қазақта ақын көп қой. Романда жоқ детальді қосқан соң, лиро-эпосты меже қылған екен дәл солай келістіріп қиюын келтірмес пе? Жоқтауды кім біліп, танып жатыр деді ме екен?!… Ал, Оразбайдың қазаны естігендегі мінез-құлқын жақсы ойластырған! Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ел мінезін жөн келтірген! Жалпы Оразбай айтты дейтін дерек ескерілген болу керек. Ал ақын Сараны қосуы артық. Мұндай дерек-дәйекті көрген емен. Мүмкін білмейтініміз көп шығар. Әбіштің мәйіті жеткен тұс… әдетте қайғы жоқтаумен шығады. Жоқтау айту салты романда жақсы берілген. Ал әке қайғысы күйгелек сөзбен емес, көзден жас болып аққан терең қәсіретпен берілсе етті…Шалағай ойын, жаттанды сөз, сенімсіз қойылым дегізетін тұстары басым.

Сахна декорациясына да сын бар

Құнанбайдың қай ауылы болсын бай-бақуатты болғаны мәлім, оған Оразбай, Күнтуларды да қоссақ, жасаулы бай ауыл көрінісі шығуы керек еді. Абай айтатын «алты қанат ақ орда» көрінбейді. Малшы-жалшының қара үйлері тігіліп, айнала бақан, қоршалған ат кермелер. Оның өзі кигіз үйге тым жақын, төніп тұр. 19 ғасыр тұрмақ қазіргі малшы ауылдың өзі қора қопсысын үйден жырақ жайқастырады. Жалпы бір де бір жерде мал қарасы, құлын желісі көрінбейді. Бірер ат пен арба дөңгелегі, көлденең бақанға ілінген мал терісі Абай аулында да, Оразбайда үйінде де жүр. Кигіз үйдің ішіндегі кең дастархан, алқа-қотан жиын жоқ. «Осы қымыз қазаққа, мақтаның ба, асың ба?» дегізетін дәстүрлі ағарған сусын көрінбейді. Абайдың қонағының, іспен келіп-кететін адамының қалың болғаны романнан айқын. Жалпы бұндай көрініс кинодағы бір типтіліктен шығарар еді. Әйтпесе қай тұста болсын жүре сөйлеп, жағдай айтқан жұрт, шаруа әйелдерінің орнына бәйбіше басымен жүгіріп жүрген Ділда, атпен үй істіне баса-көктеп келіп «аулаққа шықпай сыбырласқан жұрт». Мұның бәрі қаражаттың жетімсіздігінен де болар, «әттең тонның келтесі» дейсің.  Құнанбайдай төбе бидің қажыға аттануы сән алтанатымен болса керек еді. Бұнда да жатақтарды (қаналушы тапты) көрсету идеялогисынан туған Дәркембай жүр. Бір топ ер адамның жанына Ұлжанның шошайып жалғыз баруы қалай?… ауыл үйдің сауыншы әйелдері жүретін қора-қопсының жанында дау да, ел ісі де, отбасы мәселесі, тоқал алу жайы шешіліп, қажыға жолаушы да аттанып жатыр.  Бір сахнада Абай аға (бірақ кинодағы кейіпкер неге екені белгісіз әлі де бозбала қалыпта)»Амал жоқ қайтты білдірмей» өлеңін «Тәңірі қосқан жар едің сеннің» әуеніне салып айтып отыр. Біз бе әнді қате жаттап жүрген?!…

Кинода костюмге жауаптылар болмаған ба деген ой туады. Алғашқы сахнадан бастап кейіпкерлердің киім киісі келіспеген. Зере мен Ұлжанның  кимешек, күндігі бірдей әрі сәнімен тігіліп, жымдасып тұрса кәне? Бастапқыда енесі қайсы, келіні қайсы екенін айыру қиын. Олақ оралған ақ шалманы күндік деуге келмейді. Дәл сол олпы-солпы оралған күндік Әйгерімнің де Ділданың ба басында жүр. Шәкәрімнің басында қыстық тымақ. «Қыс киерін жаз киген, қазақ қайдан байысын» деген қалыпты көрсетеді. Тәкежанның, Оразбайдың, Базаралының – жалпы көп кейіпкердің салбыраған шапаны, жеңінен қолы шықпай сөлпиген қалпы көрермен көзін қуандыра қоймайды. Өкініштісі осындай олпы-солпы киім киген кинолардан көрермен санасында ұлттық киімге деген жағымсыз ой ұялап қалады. Әйтпесе бүгінде қазақтың киім үлгісі сән үйлері мен сән мінберінде талайдың көз жауын алып, қызықтырып жүргені жасырын емес. Бүгінде ұлттық киім үлгісін тігіп насихаттап жүрген дизайнерлер, сән үйлері де жетерлік, солардың ішінде заманауи үлгілерді ұсынып жүргендері де бар. Қай-қайсы болсын ұлттық өнерге жанашырлық жасап жатқан соң, кәсіпкерлердің де мүддесіне қырын келмей ортақ шешім табуға болатын болар.  «Сүлеймен сұлтанды» сүйсініп көретін қауымды теледидардың алдында жіпсіз байлайтын тек сюжет қана емес, көзді арбайтын әшекей бұйымдары мен сәнді салтанаты екенін мойындау керек. Ал Абай ауылының әйелдері де байлықтан кенде жандар болмағанын ескерсек, күміс жүзік, бес білезік, жақ сырға, шанбау, шолпы, қапсырмадан таршылық көрмеуі керек еді.

Операторға айтылатын тұсы: сахнада сүреңсіз көрініс көп. Көп жерінде жарық жетіспейді. Әсіресе бүлдірген тере барғандағы балардың алдынан жайқалған шалғын мен гүл, жеміс бұтақтары жамырап шықса керек еді. Тым болмағанда үлкен объективте (гүлзарлардан  көшірмелеп алып) монтаждап қиюластыруға болар еді. Қансонардағы көрініс те солғын. Жер бөлісе барған тұста сай-жоталар көрінгенімен, алыстан, жоғары жақ объктивтен алынбаған соң көрініс айқындалмай қалған. Әсіресе адамның бет-бейне эмоциясын іліп қалу, көз қимылын көрсету жағы жетіспейді. Кейіпкерлердің түр-келбетінің қара-қошқыл, қоңырқай, әсіресе қазақ әйелдерінің шырайының солғын көрінуіне де жарықтың жетімсіздігінің әсерінен болған сияқтанады.

Жалпы көрермен көзайымына айналу үшін кинодан түйер тағылым мол болып, әсіресе Абай мұңына эмпатиялық сезім күй, қанық бояу мен көркемдікке эмоциялық ләззат болуы керегі анық. Әсіресе соңғы сахнадағы эпизот сол әсерден шетін әкетеді. Қайғыдан басы қаңғырған Абайдың  жалғыз аулаққа беттеуі, жүре сөйлеуі әсерді сейілтіп жібереді. Дәл осы алысқа бет алған тұсын үзіп барып, төбе басында жалғыз қалдыру алыстан көрсету… ішкі толғанысын өз аузымен айтқызбай дыбыстау ұтымдырақ болар ма еді? Абай өмірінің соңғы тұсында үнемі аулақта оңаша қалып, түңілуі басым болған деген дерек, тіпті әдейі күшәла ішкен екен дейтіндер бе бар.

Ал әрі-сәрі күйде отырған Абайдың бір сәт жадырай қалып, шалғынның теңізге айналып ақ кемені көруі тым-тым сенімсіз. Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» көшіріп қоя салғандай әсер қалдырады. «Бүгін жана заман орнады, тәуелсіз ел болдық» деген жалаң ұрандарды тықпалау да қиянат.  «Абай жолы» роман-эпопеясындағы эпилогтан бір көрініс жасаса да жеткілікті болар еді. Киносценарийге енбей қалған Дәрменнің орнына Шәкірімнің аузымен-ақ Абай салған жолды, сан кеудеде Хакім еккен дәнді, содан туатын жарқын күнді айтса да орынды болар ма еді?!

Міне, кино да тамам. Қымбатты қауым, көз көрген, көңіл түйген аз-кем сөз жазылды. Әр көрерменнің субьективті пікірі болады. Тек сол пікірлерден объективті ой жиып, өнер көшін тізер көкірек көзі табылса, шіркін!!!

Жұмақаева Береке Дәулетханқызы – п.ғ.к., Сүлеймен Демирел университетінің профессоры.







http://madeniportal.kz/article/5672

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *