Қазақстанда қандай әуе рейстері тоқтатылды
Қазақстанда қандай әуе рейстері тоқтатылды
Коронавирустың Қазақстан аумағында таралуына жол бермеу мақсатында аптасына 49 халықаралық тұрақты рейс тоқтатылып, 84 халықаралық рейс қысқартылды, деп хабарлады ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында 16 наурыз күні сағат 08: 00-ден бастап шетел азаматтарының Қазақстанға келуіне және емдеуге баратындарды қоспағанда, Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерге кетуіне тыйым салынады. Сондай-ақ, 49 халықаралық тұрақты рейс тоқтатылып, 84 халықаралық рейс қысқартылды.
Ведомство хабарлағандай, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы барлық тұрақты әуе рейстері,Тегеран-Алматы бағыты бойынша ҚР мен Иран арасындағы барлық тұрақты әуе рейстері, Нұр-Сұлтан-Баку тұрақты рейсі, «Lufthansa» әуе компаниясының Франкфурт – Алматы және Франкфурт – Алматы-Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша 7 тұрақты рейсі осы жылдың 24 сәуіріне дейін, Нұр-Сұлтан – Париж бағыты бойынша Қазақстан Республикасы мен Франция арасындағы барлық тұрақты әуе рейстері тоқтатылады.
Сондай-ақ, мына рейстер :
• Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея арасындағы 6 рейс («Эйр Астана»: Алматы – Сеул бағыты бойынша 5-тен 1 рейске дейін және Нұр-Сұлтан – Сеул бағыты бойынша 2-ден 1 рейске дейін; «Asiana Airlines»: Алматы – Сеул 2 бағыты бойынша 1 рейске дейін);
• Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы аптасына 9 рейс («Эйр Астана»: Алматы – Баку бағыты бойынша аптасына 3 – тен 1 рейске; «SCAT»: Ақтау – Баку бағыты бойынша 7-ден 1 рейске; «Azerbaijan Airlines»: Баку-Алматы бағыты бойынша 2-ден 1 рейске);
• Қазақстан мен Жапония арасындағы Нұр-Сұлтан-Токио («SCAT») бағыты бойынша аптасына 2-ден 1 рейске дейін қысқартылды.
«Әуе рейстер рейстерінің тоқтатылуына байланысты шетелдік әуе компанияларға билеттерді айыппұлсыз және толық көлемде қайтару ұсынылды. Әуе билеттерді қайтаруды ресімдеу үшін жолаушыларға оларды сатып алу орны бойынша хабарласу қажет. Әуе компаниялардың коронавирустың таралу деңгейі жоғары елдерге әуе рейстеріне қойылған шектеулер уақытша және вирустың таралуы бойынша жағдай жақсарған кезде елдер арасында тұрақты әуе қатынасы қалпына келтіріледі», — делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін биыл 16 наурызынан бастап Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Түркия, Украина, Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Үндістан, Мажарстан, Чехия, Польша елдеріне қазақстандық (Эйр Астана, SCAT) және шетелдік (Turkish Airlines, Pegasus Airlines, Fly Dubai, Etihad Airways, Air Arabia, Wizz Air, LOT Polish Airlines, Белавиа) әуе тасымалдаушыларының аптасына 68 тұрақты рейсі қысқартылғаны туралы жазған болатынбыз.
https://www.inform.kz/kz/kazakstanda-kanday-aue-reysteri-toktatyldy_a3625942