ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНАН ҚАУІП ЖОҚ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНАН ҚАУІП ЖОҚ

Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі басты міндеті — төтенше жағдайлардың алдын алу. Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында су тасқыны жағдайы қалыпты, тұрақты бақылауда. Тұрғындарға келер қауіп жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.

«Облыста ауа райының қолайлы болуынан және болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларының дер кезінде сапалы орындалуынан су тасқыны және су басу жағдайлары 2019 жылы орын алған жоқ. Қазіргі таңда су қоймалар мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі күнге Шардара су қоймасында — 4185 млн. м3 су бар, толуы — 80%, шығып жатқан су көлемі — 400,5 м3/сек. Ал, Көксарай су реттегішінде жиналған су қоры — 1061,88 млн. м3 толуы 35%-ды құрап отыр», — деді Нұрғали Сырлыбайұлы.

Айта кетерлігі, облыс аумағында 40 суқойма орналасқан. Оның ішінде 18 суқойма — республикалық меншікте; 17исуқойма — қала, аудандық коммуналдық меншікте; 5 суқойма — жекеменшікте. Қараусыз қалған су қоймалары жоқ.
«Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария бассейіндік өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Сырдария өзенінің төменгі ағысына 66 м3/сек су жіберілуде. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 45-50%-ды құрайды. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ», — деді департамент бастығы.


Тасқынға қарсы іс-шараларға келсек, Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың бас тоспасы бекітілген, қапталған 53 тонна құм, 584 — шатыр, 4622 — керует, 36 мың адамға арналған төсек орын дайындалған. Сондай-ақ, 26,9 шақырым өзендерде жаға бекіту және арна түзеу жұмыстары жүргізілсе, 29,9 шақырым қорғаныс дамбасы тұрғызылған. Бұдан өзге, 25,2 шақырым каналдар механикалық тазартудан өткізіліп, 400 шақырым арық-атыздардың арнасы қоқыстан тазартылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *