ТҮРКІСТАН: МӘМС БОЙЫНША ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚАТАРЫН КӨБЕЙТУ КЕРЕК
ТҮРКІСТАН: МӘМС БОЙЫНША ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚАТАРЫН КӨБЕЙТУ КЕРЕК
Түркістан облысында консультативтік-диагностикалық қызметтерді тұтыну 63,3 %-ға өскен. Ультра дыбыстық зерттеу қызметін алушылар 16 % артқан. Тіпті, стоматологиялық шұғыл және жоспарлы ем-шараларын алушылардың саны көбейген. Яғни, облыста науқастарға медициналық қызметтер қолжетімді әрі, уақытылы, сапалы көрсетілуде. Бұл туралы өңірге арнайы іссапарамен келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті.
Басқарма басшысы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірлесе Сайрам, Қазығұрт, Отырар, Ордабасы аудандарындағы және Кентау қаласындағы медициналық ұйымдарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы барысымен танысты. Емханаларда медициналық көмекке қажетті тиісті шаралар жетілдіріліп, сандық жүйемен жұмыс жасау, науқастарға қажетті көмектер толығымен қамтамасыз етілген.
Сала мамандарының айтуынша, жоспарлы түрде көрсетілген стационарлық қызметтердің көлемі артып, шұғыл жағдайлар керісінше төмендеген. Демек, халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың аясында медициналық көмекке дер кезінде көрінуге бейімделіп келеді.
Жұмысшы топ өкілдері бұдан соң Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаевтың қатысуымен өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша өңірлік штаб отырысында бас қосты. Жиында өңірде КТ, МРТ, УДЗ және стоматологиялық қызметтерін тұтынушылардың артуына байланысты бірлесіп қызмет көрсетуге дайын медициналық мекемелерді тарту шараларын қолға алу тапсырылды. Сондай-ақ медициналық мекемелердің қаражатты толық игерулері қатаң бақылауда болатыны баса айтылды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін барлық тұрғындар шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Демек, халыққа тегін мемлекеттік кепілдендірілген көмек пен МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмек алуды жалғастыра береді.
Алайда, ол тек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана. Қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйесінде сақтанушының мәртебесін алу маңызды.