БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Шымкенттегі мектептерде медицина кабинеттері ашылып, жұмысын бастады. МӘМС жүйесі бойынша Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда баспасөз туры өтті.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша директорының орынбасары Шалхар Шеримов жаңа жүйені жан-жақты түсіндіріп берді. Мұнан соң, БАҚ өкілдері жаңадан ашылған медицина кабинеттерінің жұмысымен танысты.
Қазір бұл мектепте 3600 бала білім алады. Мұнда балаларды қабылдау бөлімі мен ем-шара кабинетінде алғашқы медициналық көмек пен алдын алу қызметтері көрсетіледі. Бекет қажет жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Мұндағы сала мамандары автоматандырылған басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді.
– Бұл жаңалықты мектеп ұжымы қуана қабылдады. Бізге №14 қалалық емханадан арнайы мамандар бекітілді. Олар оқушылармен тығыз жұмыс істеуде. Мектеп асханасында балалардың дұрыс тамақтануы да осы мамандардың тікелей бақылауында, — дейді Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның директоры Айгүл Әбдуәліқызы Керімбаева.
Айта кетейік, Шымкентте 138 мектеп бар. Онда 200 мыңнан астам бала білім алады. МӘМС жүйесі бойынша білім ордаларына медициналық көмекті денсаулық сақтау басқармасы мен 18 медициналық мекеме көрсетеді.