Өңірдің туристік әлеуетін дамыту
Өңірдің туристік әлеуетін дамыту
Тарихи туризмнің алтын бесігіне айналған Түркістан, отандық та, шетелдік те туристердің арасында аса танымал. Облыста туризмнің әлеуеті аса зор. Ежелден рухани астана ретінде саналып келген Түркістан жылына бір миллионнан астам туристі қабылдауға қауқарлы.
Түркістанда қалалықтар мен қала қонақтары үшін ойын-сауық орталықтары, заманау қонақ үйлер, тарихи-мәдени орталықтар, драма театры, мейрамханалар, Салтанат үйлері, аквапарк, спорт нысандары, базарлар мен супермаркеттер бар. Қала туристерге сапалы қызмет түрлерін ұсына алады деуге болады. Облыста орналасқан және ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Отырар ауданында орналасқан ежелгі қалалар Отырар мен Сауран, Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының теңдессіз табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі саяхатшыларды әсемдігімен тамсандырады.
Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру ел тарихының жаңа парағы болды.
Қазақстан Республикасында 2023 жылға дейін туристік индустрияны дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының жобасына сәйкес, облыс «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне енгізілген. Түркістан қаласы кластердің негізгі нысаны ретінде айқындалған. Облысқа келетін туристер ағымы жылдан-жылға арта түсуде.
https://primeminister.kz/kz/news/reviews/2019-zhyly-turkistan-oblysynyn-damuy-ekonomikasy-zhu-myspen-k-amtu-turizmi