Түркістан облысында танымал палау орталығы өртеніп кетті (фото, видео)
Түркістан облысында танымал палау орталығының тапшандары түгі қалмай жанып кетті деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
22 шілде таңғы 5.58-де Сайрам ауданындағы палау дайындайтын орталықтан өрт шыққандығы туралы хабарлама облыстық ТЖД-не келіп түскен.
Күнгейліктердің ғана емес, Оңтүстікке атбасын бұрған қонақтардың арасында етене таныс дәмхананың бастырмалары мен тапшандарынан таңата өрт шыққан.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды 07.28-де толық ауыздықтаған.
«Өртті сөндіру кезінде 20 қызметкер мен 3 арнайы техника жұмылдырылды. Алапат өрттен зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалын жалпы аумағы 236 шаршы метрді шарпыған», — дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, өрт жалмаған тапшандар Ақсу өзенінің үстінен тұрғызылған болатын. Жауапты мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.