Әбу Насыр Әл-Фараби 1150 жыл
ФАРАБИ ОТЫРАРДЫҢ ТУМАСЫ
Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
/СУРЕТ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН АЛЫНҒАН /
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды.
«Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл—Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген«, — дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы.
Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымындарын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады.
«Ол Дамаскіде «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасын жазып бітірді. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленді», — дейді «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.