Шымкентте 240 орындық студенттер жатақханасы ашылды
Шымкентте 240 орындық студенттер жатақханасы ашылды
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттеріне арналған жаңа жатақхананы салтанатты түрде ашты. Іс-шараға ОҚМПУ ректоры А.Каирбекова мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Оңалбай Аяшев қатысты.
Жаңа ғимаратты студенттерге тапсырған қала басшысы бұл жұмыстар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жастардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы екенін атап өтті.
«Баршаңызды мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларыңызбен құттықтаймын. Елбасы біздің алдымызға 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Шымкенттегі жатақхана орнының қажеттілігін жою бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Мәселен, осы жылы бүгінгі 240 және 350 орындық екі жатақхана құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орындық жатақхана салу жоспарлануда» деді Ерлан Қуанышұлы.
Жатақханаға аталған оқу ордасының жаратылыстану факультетінің студенттері жайғаспақ. Нысан Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» мөлтек ауданында орналасқан және заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт, ас бөлмесі де бар.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі