ЕРЛАН АЙТАХАНОВ ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАСЫНЫҢ ШАМЫН ЖАҚТЫ
ЕРЛАН АЙТАХАНОВ ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРШАСЫНЫҢ ШАМЫН ЖАҚТЫ
Шымкент қаласының әкімі Erlan Aitakhanov салтанатты түрде мегаполистің жаңа жылдық бас шыршасының шамын жақты.
Миллионды қаланың тұрғындарын алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы барша бүлдіршіндердің армандары орындалып, мақсаттарына жетулеріне тілектес екенін жеткізді.
«Жаңа жыл — кез келген халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерейлі мерекесі. Келер жыл сүйікті қаламыз үшін маңызды жыл. Ел болып, баршамыз жұмылып, ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын абыроймен атқаруымыз тиіс. Қайырымды қаламызға келетін әр турист ерекше әсер алуы тиіс. Бұл мерекені әсіресе кішкентай бүлдіршіндеріміз асыға күтеді. Бүгінде елімізде балалардың тиісті деңгейде білім алуына барынша жағдай жасалынып келеді. Сол білімімізді игі және қайырлы іске жұмсап, Қазақстанның дамуына үлес қосуымыз қажет. Ал, қайрымды болмай қайырлы істерді жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да біз шымкенттіктер «Қайырымды қала» атауына лайық болуымыз шарт», — деді Ерлан Қуанышұлы.
Əл-Фараби алаңындағы жаңа жылдық шыршаның рәсіміне жиналған жұртшылық Аяз Ата мен Ақшақар бастаған сан түрлі ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енген үлкен қуыршақтардың қатысуымен өткен театрландырылған қойылымды және отшашуды тамашалады.
Шымкенттегі бас шыршаның биіктігі 14 метрді құраса, салмағы 3 тоннаға жуық. Бас шыршаны безендіруге жалпы ұзындығы 1000 метр жарықшам, 150 дана алтын шар, 120 дана басқа да ойыншық жұмсалған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі