«Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясының тұсауы кесілді
«Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясының тұсауы кесілді
Шымкентте Жастар жылы аясында қаламынан жыр төгілген жас ақындарымыздың «Жаңа ғасыр әуендері» атты жинағының тұсау кесер кеші өтті.
Жинақтың тұсауын Ерлан Айтаханов пен белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаева кесті. Ақ апамыз жастарға өзінің арнауын айтса, «Шам» жас ақындар клубының мүшелері авторлық өлеңдерін оқыды.
Жаңа туындыда қаламыздағы 12 жас ақынның қоғам, рухани жаңғыру, таным, сүйіспеншілік, патриотизм және тағы басқа тақырыптағы өлеңдері басылған. Жинақ тұлғаны жан-жақты дамытып, рухани қалыптастыруға бағытталған.
— Бұл жинақ оқырмандардың қызығушылығын тудырып, болашағын қалыптастыруға зор мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деді Шымкент қаласының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы.
Қала әкімі шығармашыл жастарға шығарма арқылы қоғамда Ұлы құндылықтар қалыптастырып, өркендету жолындағы қызметтеріне табыс тіледі. Қашан да қоғамның ең өткір де өзекті мәселелері мен ішкі болмысты өлеңмен жеткізіп, қазақ поэзиясын одан әрі дамытуға үлес қосуларына тілек білдірді.
Жиын соңында ақындар жыр төгіп, жаңа әуендер әуеледі.