ШЫМКЕНТ 2200 ЖЫЛ

ШЫМКЕНТТІҢ 2200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БЕКІТІЛЕДІ

Үшінші мегаполистегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Шымкенттің тарихы мен өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиынды қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы ұйымдастырды.

Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанады. Осынау мәртебелі міндетті абыройлы атқару мақсатында өткізіліп отырған жиынға қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен ұлағатты ұстаздары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және өзге де қалалардағы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары қатысты.

Конференцияда ғалымдар Шымкенттің түрлі салаларына қатысты ғылыми зерттеулері, Шымшаһардың өткені, бүгіні және келешегі туралы тұжырымдары мен зерттеулерімен таныстырды.

Жиынға қатысушы Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры Б.Байтанаев: «  Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар қала екенін ресми бекітуге аз уақыт қалды. Жаңа жылға дейін ЮНЕСКО арнайы шешім қабылдаса, келер жылы бұл тарихи дата кең көлемде атап өтіледі» — деп , атап өтті.

Ол өзіне осы мәселеге байланысты көптеген сұрақтардың қойылатынын, Түркістан мен Тараз қалаларының тарихи жылнамасымен салыстыратынын да баяндады.

– Шын мәнісінде Түркістан қаласына да 2200 жыл толып отыр. Оны марқұм археолог-ғалым Ерболат Сманқұлов Күлтөбенің астынан қазған тарихи деректерімен, дәйектерімен дәлелдеп кеткен. Ал Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған, — деді, археолог-ғалым Б.Байтанаев.

Бүгінде әлемде тұрғыны миллионнан асатын қалалар саны 389-ға жетеді. Жер шарында миллионды қалалары көп елдердің көшін Қытай бастаса (96 қала), одан кейін Үндістан (37 қала), Бразилия (17 қала) мен Ресей (15 қала) тұр. Ал көрші Өзбекстан Ташкентімен 43-орында тұр. Біз Алматы, Астанамызбен 31-орында болсақ, енді миллионерлердің қатарына Шымкенттің қосылуымен бұл тізімде жоғары көтерілетініміз анық, — деді қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *