ҚР Үкіметі жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес киберқауіпсіздік мәселелерін қарады

ҚР Үкіметі жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес киберқауіпсіздік мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің (ИАЖК) отырысында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және киберқылмыспен күрес мәселелері қаралды.

Қазақстанның киберкеңістігін дамыту перспективалары және жағдайы туралы баяндамамен, сондай-ақ, аталған саладағы саясатты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарымен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев, ішкі істер министрінің орынбасары А. Калайчиди, Қазақстанда тіркелген АҚШ елшісі У. Мозер, Канада елшісі Н. Бруссо, Нидерланды елшісі А. Карстенс, Ұлыбритания елшісі М. Гиффорд, Еуропалық одақ ісі бойынша сенімді өкіл Рамунас Янушаускас, сондай-ақ, Ericsson, Microsoft, Honeywell, Citibank, Mastercard компанияларының өкілдері сөз сөйледі.

«2017 жылы “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап, капитал мен алдыңғы қатарлы технологиялар ағынының арқасында энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді, бұл ұлттық экономика өсімінің маңызды факторына айналды», — деді А. Мамин.

Осы жылдың 9 айында Қазақстанның ЖІӨ 4,3%-ға өсті. Сонымен бірге, өсімнің негізгі үлесі қосылған құны жоғары салалар мен қызметтерге тиесілі. Халықаралық валюта қоры мен Азия даму банкі 2019-2020 жылдарға арналған ҚР экономикалық өсімінің болжамын көтерді. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның позициясы 59-орыннан 55-орынға жақсарды.

«Оң серпінді одан әрі қамтамасыз ету үшін экономикамызды халықаралық және жергілікті киберқылмыстың артып келе жатқан сын-тегеуріндерінен қорғау үшін барынша күш салу керек. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамдарына сәйкес, 2022 жылға қарай киберқылмыс салдарынан әлемдік экономикаға келтірілген залал $8 трлн-нан асуы мүмкін», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы отырыс қатысушыларына кибер қылмысқа қарсы тұру үшін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасы әзірленгенін айтты. Оны іске асыру аясында нормативтік-құқықтық база жетілдірілді, Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы және Киберқауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес құрылды, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 73%-ға дейін артты.

«Осы аталған шаралардың нәтижесінде Халықаралық электрбайланысы одағы Қазақстанның Жаһандық киберқауіпсіздік индексіндегі орнын 2018 жылы 40-орынға дейін көтерді, ал оған дейін бір жыл бұрын біз 83-орында болдық», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің құрамына кіретін шет мемлекеттердің өкілдерін киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.

https://primeminister.kz/kz/news/sovet-po-uluchsheniyu-investicionnogo-klimata-pri-pravitelstve-rk-rassmotrel-voprosy-kiberbezopasnosti

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *